Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде асық ату спортынан 2015-2017 жылы туған ұлдар мен қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Ел біріншілігіне республиканың 16 өңірінен 100-ге жуық жас спортшы қатысып, өз шеберліктерін ортаға салуда.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен асық ату спортынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Жомарт Оразов құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Чемпионаттың негізгі мақсаты – ұлттық спортты насихаттап, жасөспірімдер арасында асық ату өнерін дамыту. Бұл – аталған жас санатындағы спортшылардың шеберлігін бағалайтын ең ірі бәсеке. Сонымен қатар әр аймақтағы асық ату спортының даму деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Айтулы жарыста Түркістан облысының командасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, басты жүлдеден үмітті екендерін дәлелдеуде.
Айта кетейік, қазіргі таңда асық ату спортын Азия балалары ойындарының бағдарламасына енгізу бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Игі бастама – ұлттық спортты халықаралық деңгейге көтерудің маңызды қадамы болмақ.