Тыйым салынған видеоларды интернетте жүктегені үшін сотталды

Шымкенттік тұрғын YouTube арнасын ашып, онда тыйым салынған видеоларды жүктегені үшін сотталды. Ол халықаралық экстремистік ұйымның көзқарастарын насихаттайтын бейнежазбалар жариялаған.

Сондай-ақ TikTok желісінде ұлт пен дінге қатысты араздықты қоздыратын, басқа ұлт пен дін өкілдеріне қарсы өшпенділікке шақыратын бейнелер таратқан. Тергеу нәтижесінде оның бұл әрекеттері дәлелденіп, ол терроризмді насихаттау және ұлтаралық, дінаралық араздықты қоздыру баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі:
«Жаза тағайындау барысында сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның шын өкінуін ескерді. Ауырлататын мән-жай анықталмаған. ҚК-нің 174-бабының 1-бөлігімен, 256-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды».

Лаура Бабас