Ысырапшылдыққа жол жоқ: Ас беру мәзірі бекітілді

Еліміз бойынша ас беру мәзірі бекітілді. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы, барлық өңірлерде ортақ ас беру мәзірін әзірледі. Ислам діні аталмыш асты қарызданып, қауғаланып, міндетті түрде өткізуді құп көрмейді дейді имамадар. Бұл үрдіс халық арасында ысырапшылдықтың алдын алуға көмек болмақ. Ал, бұған халықтың көзқарасы қандай? 

Қазіргі таңда ас беру бәсекеге айналып бара жатыр. Бұл қоғамдағы түйткілді мәселе. Себебі адамдардың көбісі өзінің тұрмыс-тіршілігіне мән бермей, жетпей жатқан жағдайда да мол қаражат жұмсап, жылқы сойып, садақа беріп, әбігерге салынады. Ал, кейбіреуі бай-бағландармен жарысып, көштен қалмауға әрекет етеді. Бұл дұрыс емес дейді дін өкілдері.

Исламқұл Иманқұлұлы, «Ақмешіт» орталық мешітінің наиб имамы: «Біздің елімізде әртүрлі той-томалақ, дүниеден адам өтіп, артынан ас беріп жатқан кезде, көптеген келеңсіз жағдайлар туындап жатады. Ысырапшылыдық. Ағыл-тегіл ас беріп, астың қоқысқа тасталып жатқаны, жарамсыз жағдайға айналып жатқаны, баршамызға белгілі. Қоғам үшін ең маңызды дүние, ысырапшылдылық емес үнемділік. Дүниесін ысырап етпей, үнемдеп жатқан елдер, әлемдік шарықтау, даму деңгейіне жетіп жатыр. Қандай да бір той-томалақ жасайтын болса, марқұмдардың атынан ас берілетін болса, үнемділікті сақтауды, ысырапшылдықтан сақтану керектігін елге ұсынып жатыр».

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы барлық өңірге ортақ ас берудің дастархан мәзірін әзірледі. Арнайы тізім Астанада өткен имамдар форумында қаралып, мүфтияттың ресми құжаты ретінде бекітілді. Мәзірде бауырсақ, тары-талқан, су, сары май, құрма, қант, су және ыстық тамақ бар.

Дін өкілдері мен депутаттар ысырапшылдыққа заңмен тыйым салу керек дейді. Олай болмаса да, халық өзі саналы түрде осы үрдісті ұстану қажет деп санайды. Мұны тек дін өкілдері ғана емес, қала тұрғындары да құптайды. Өйткені, әр қазақ, үнемдеуді үйренсе дұрыс болады деп отыр.

«Өзінің мақтангершілігін көрсетеді деп ойлаймын. Өзім оған қосылмаймын. Бұрынғы кездері бауырсақпен, шаймен, қантпен өткізген құранды. Қазіргі өте артық. Мен өзім солай ойлаймын».

«Дұрыс. Мен өзім қолдаймын. Өте күшті. Ысырапкершілікке жол бермеу керек. Еліміз қалай жасайды. Солай жасау керек қой. Кейбір адамдар той ұқсатып жасайды. Тәттісі, бауырсағы бар. Сол заттармен өткізсе қолдаймын».

«Өте дұрыс. Бекерге шашылып, қалып кетеді. Негізі үнемдеу керек. Өзбек халқынан үйрену керек. Барынша аздау қылып, шығын болмайды. Ең бастысы ниет қой. Ниет қабыл болса болды», дейді тұрғындар.

Айта кетейік, ысырап сөзі, араб тілінен аударғанда, босқа шашу, мөлшерсіз жұмсау дегенді білдіреді. Сондықтан, жұртшылық барға қанағат етіп, тыйымға құлақ асса дейді дін өкілдері. Десе де, ешкімді мәжбүрлемейміз деп отыр.

Нұргүл Жолымбетова