Емшіге барып, ем іздеген тұрғын, аяғын баса алмай қалған. Омыртқасы сыр берген науқас, әлеуметтік желіден тапқан емшінің көмегіне жүгінген. Алайда, емнің орнына, жұлыны зақымданып, омыртқасын сындырып алған. Бұл туралы №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позилов айтты. Қазіргі таңда, науқастың жағдайы қалай?
Шымкент қаласының тұрғыны, бел ауруына қатысты шағым айтып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Ақ халаттылар омыртқа жотасына шұғыл түрде ота жасау керектігін жеткізген. Бірақ, науқас өз бетімен емделуді жөн санап, әлеуметтік желіден тапқан емшіге жүгінген. Алайда, емші ауырып барған адамды емдеудің орнына балғамен ұрып, омыртқасын сындырып жіберген. Ол аздай, жұлынға да зақым келіп, нәтижесінде науқас жүруден қалған.
Бақытжан Позилов, №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері: «Науқастың сөзіне қарағанда, кереуетке жатқызып қойып, балғамен ұрған. Салдарынан, екі аяғында жансыздану болған. Сөйтіп, ертесіне қайта келуді сұраған. Бірақ, сол күні кешкісін бізде жедел жәрдеммен жеткізілді. Тез арада тексеру жүргіздік. Омыртқасын сындырып жіберген. Жұлынға да зақым келген. Науқас бізде бірнеше уақыт жатып, толықтай емделіп шықты. Екі аяғына жан бітті. Үйіне шығарылды».
Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы. Ешқандай шағымы жоқ дейді дәрігерлер. Сондықтан, дипломы жоқ мамандарға өз денсаулығыңызды сеніп тапсырмағаныңыз абзал деп отыр.
Бақытжан Позилов, №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері: «Түрлі остехондрозда, түрлі бел омыртқасы, мойын омыртқасы жарықтарында ешқандай дипломы жоқ мамандар, әдістерді қолданып жатады. Қорқыныштылау әдістер. Кейде өзімде қарап отырамын үлкен салмақтағы кісілерді, аяғындағы саусағына байлап қойып, оны белінен ұрып жатады. Үстінен секіріп жатады. Мойнын қытырлатып жатады. Бұл өте қауіпті жағдай. Денсаулығыңыз сыр берсе, дәрігерге бару керек. Рентген жасау керек. МРТ түсіру керек. Кез-келген ауруды остехондроз екен деп, тоқпақтай беруге болмайды. Омыртқаға, жұлынға зиян».
Қазақ ежелден дәстүрдің ажырамас бір бөлігіне айналған халық емімен де түрлі дерт, ауруларды емдей білген. Бұл тұрғыда халық емшілер қауымдастығының мүшесі Мәриям Досбалаева омыртқа аралық остехондрозды ұрып емдеу дұрыс емес деп отыр. Айтуынша, бұл ауруды уқалу арқылы, бал жағып емдеуге болады. Ал ең дұрысы, дәрігерге жүгініп, нақты диагнозға сай ем шараларын қабылдау қажет екен.
Мәриям Досбалаева, Халық емшісі: «Ұрып емдеген емшілерге мен қосылмаймын. Өйткені, ол дұрыс емес. Ұрып емдеу, сүйектің, омыртқаның қисаюынан болады. Оны емдейтін адамдар болады. Әр аурудың өз маманы болады. Мысалы, тіс аурудың маманы, гинеколог бола алмайды. Остехондроз деген қан жақсы жүрмегендіктен болады. Қимыл аздықтан болады. Көп отырғаннан болады. Омыртқаны созу керек. Жаттығу жасату керек. Бірақ біз маманы емеспіз. Сосын массаж жасаймыз. Көп адамдар сертификат алады. Қолдың биотогын тексереді. Құжатымыз түгел. Біраз емшілерге барсақ, документсіз емдейтіндер бар. Анадан көріп, мынадан көріп, ем бар екен деп қолданатын адамдарда көп. Ондай адамдарда табылады ортамыздан».
Басты байлық, денсаулық. Бұл сөзге көпшілігі балтыры сыздап, басы ауырмаса, басқа уақытта аса мән бере бермейді. Уақытында тиісті ем қабылдап, дәрігерлердің көмегіне жүгінген дұрыс. Десе де, қала тұрғындарының кейбірі халық емшілерін қолдаса, енді бірі медицина саласына сенім арту қажет деп санайды.
«Медициналық білімі болмаса, сенбеймін, бармаймын. Дәрігерлерге ғана сенім артамын».
«Емші болғанда, ілгір деген сияқтыларға апарғанмын. Мешітке барып, дем салдырған тыныш деп ойлаймын».
«Барып көрген емеспін. Ісім түспеген. Сенбеймін. Медицина дұрыс — ау. Олардың дипломы жоқ. Содан сенбеймін».
Жалпы остехондроз адам талғамайды. Бұл ауру көбінесе, жасы 40-50-ден асқан үлкен адамдарда кездеседі. Себебі ағза қартайғанда омыртқа арасындағы дисктер құрғап, иілгіштігін жоғалта бастайды дейді дәрігерлер. Әсіресе, отырып жұмыс істейтін кеңсе қызметкерлері мен жастарда мойын және бел остеохондрозы көптеп кездеседі екен.