Шымкенттегі 1 мамыр көшесі 20 үйде өрт шығып, бір адам қайтыс болды. Тұрғындардың айтуынша, өрт таңғы сағат бес шамасында 2 қабаттан шыққан. Өрт әп-сәтте шатырға өткен. Шырт ұйқыда жатқан тұрғындар пәтер құжаттарын ғана алып, шығып үлгерген. Өрт салдарынан 12 пәтер бүлінген. Ондағы тұрғындар қазір туыстарының үйін паналауға мәжбүр. Зардап шеккен тұрғындар не істерін білмей дал. Олар жергілікті билік төтеннен келген атапқа бей-жай қарамаса екен дейді.
18 маусым күні таңсәріде Шымкенттегі 1 мамыр көшесіндегі №20 көпқабатты үйден өрт шықты. Тұрғындардың айтуынша, көршілер біріне-бірі дабыл қағып, хабар берген. Шамамен 20 минуттың ішінде өрт үйдің шатырып толық алған.
Шырт ұйқыда жатқан тұрғындар абыр-сабырда бала-шағасы мен құжаттарын алып шығып үлгерген. Бар дүние-мүлкі өрт пен судың астында қалған.
Өртенген үйден 66 жастағы зейнеткердің мәйіті табылды. Қазір марқұмның пәтеріне полиция мөр басып, жауып тастаған. Төтеншеліктер әлі де үй шатырында бықсып жатқан өртті сөндіріп, бақылап жүр. Тұрғындардың сөзінше, өрт дәл осы пәтерден шыққан. Неден тұтанғаны әзірге белгісіз.
Ойда-жоқта шыққан өрттен 12 отбасы бір киер киімі және пәтер құжаттарын құшақтап далада қалған. Қазір олар туыстарының үйін паналап жүр. Кейбірі өрттен кейін астан-кестеңі шыққан пәтерлерін жағалап, жарамды деген бұйымдарын сыртқа шығарып жатыр.
Өрттен кейін жалғыз баспанасы бүлініп, дел-сал күйде жүрген тұрғындардың бірі Дариға Төлегенованың 5 баласы бар. Ол да өзге көршілері іспетті бар дүние-мүлкінен айырылып, туыстарының үйін паналауға мәжбүр. «Енді 5 баламмен қайда барамын?» дейді ол.
Дариға Төлегенова, тұрғын: «Қашанғы мен туысқанымның үйіне барып тұрамын? 5 баламен. Бір күн сиямын, екі күн сиямын, мақұл, қайта қалпына келтірсе де жарамсыз ғой бұл үй. Ескі, апатты үй бұл. Енді көмек сұраймыз. Заттарымның бәрін кредитке алғанмын мен. Жатын жиһаз жарамсыз. Ол жөндеуге де келмейді».
Тұрғындардың сөзінше, бұл ағаштан салынған ескі, апатты жағдайда тұрған үй. Өрт тұтанғаннан лап бергені де содан. Өрттен кейін жөндеуге келуі екіталай. Төтенше жағдайдан кейін тұрғындармен Тұран ауданының әкімі келіп кездескен. Көмек берілетінін айтқанымен, қандай көмек, қашан берілетіні белгісіз күйде қалған. Тұрғындарды уайымға салатыны да осы — «Баспанамыз қашан жөнделеді? Қашан қалыпты өмір сүреміз?» деген сұрақ.
Ботакөз Омарова, тұрғын: «Күтеміз енді, бір аптадан кейін не жауап береді? Білмеймін мына үй жөндеуге жарамайды. Өздеріңіз де қарап тұрсыздар ғой. 38-40-жылдары салынған деп айтылады. Қарасаңыздар қамыс арасының бәрі. Төбесінің бәрі құлаған. Ремонтқа жарамайды бұл үй».
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер келген кезде мың шаршы метрлік екі қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің 550 шаршы метрі жанып кеткен. Өртті сөндіруге 22 техника және 55 қызметкер жұмылдырылған.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған. Өрт-техникалық сараптама және қайтыс болған адамға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Дилара Иса