14 жастан асқан жастар жұмыс істеп, айлық ала алады

14 жастан асқан жастарға құлаққағыс. Жаз бойы жұмыс істеп, айлық алыңыз. Еліміз бойынша жасөспірімдерді жұмыспен қамту бойынша арнайы бағдарлама іске қосылды. Бұл жастардың уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға ерте араласып, жауапкершілікті сезінуге көмектеседі. 

Жастарды жұмыспен қамтимыз деген хабарландыруды естіген жандар бірден құжат тапсыруға асыққан. Мәселен, бірер күннің ішінде 400 — ге жуық шымкенттік жас, жұмыс істеуге өтінім берген. Мәселен, Салтанат Тайманова да екі қолға бір күрек іздей келген. 15 жастағы 11 сынып оқушысы кез-келген жұмысты істеуге ниетті. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік дейді.

Салтанат Тайманова, оқушы: «Мен осы жерге жұмыс бойынша келдім. Қазіргі кезде, біздің еліміз 14 жасқа толған жастарды жұмыспен қамтамасыз етіп жатыр. Бұл бізге өте ыңғайлы. Басқа жұмыстарға қарағанда біз үшін өте тиімді жол деп ойлаймын. Мен өзімді осы жұмыстарға ұсынуға келдім. Алда келемін. Мен үшін жақсы жұмыс табылады деп ойлаймын».

Бағдарлама 1 маусымнан 31 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Жасөспірімдер мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік құрылымдарында қоғамдық көмекші ретінде еңбек етеді. Бағдарламаға қатысу үшін ата-аналардан жазбаша рұқсат алынады. Ал жолдамалар, тіркелген тұрғылықты мекен жайы бойынша аудандық орталықтарға жолданады.

Оқушылардың сабақ кестесіне зияны келмейтін, денсаулығына зиян келмейтін, ауыр жұмыстар емес, көмекші ретінде жұмыстар беріледі. Олардың айлықтары 85 мың мен 90 мыңның арасында болады. Балалардың ерекшелігі бар болатын болса, жұмысқа жарамды деген қағазы қажет. Қалған жұмысқа жарамды дегендерді барлығын жұмысқа бере аламыз.

Жауапты мамандардың айтуынша, әзірге жастарға арналған 250 — ге жуық жұмыс орындары бар. Алдағы уақытта олардың санын арттырамыз деп отыр. Өйткені, жұмыс істеуге ниетті жасөспірімдердің саны басым. Айта кетейік, биыл жалпы 1000 адамды қоғамдық жұмыспен қамту жоспарланған.

Нұргүл Жолымбетова