24 жер қойнауын пайдаланушының жұмысы тоқтатылды

фото ТОӘБҚ
Бүгінгі таңда Түркістан облысының аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 198 жер қойнауын пайдаланушы бар. Оның ішінде, 74-і келісімшарт және 124-і лицензия негізінде жұмыс істейді. Жыл басынан бері келісімшарттық лицензиялық міндеттемелерін орындамаған 24 жер қойнауын пайдаланушының жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Сонымен қатар мәжілісте жер қойнауын пайдалану мәселелері талқыланды.
Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шонбасовтың мәлімдеуінше, өңірде жер қойнауын пайдалану бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында 24 жер қойнауын пайдаланушының жұмысы тоқтатылды. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік дамуына арналған төлемдерді міндеттеу үшін 8 жер қойнауын пайдаланушы бойынша сотқа талап-арыз жолданып, 12 жер қойнауын пайдаланушыға қайта ескертпе хат жолданды. Одан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылардың кен орнындардың жерлеріне зерделеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі іс-шара жоспарын бекіту ұсынылды.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков жауапты тұлғаларға өңірдегі кен орындарына зерделеу жұмыстарын жүргізу жөнінде іс-шара жоспарын жасауды, заңсыздықтардың алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді, мониторинг жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Жиында жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Бегімхан Ахметовтың Түркістан облысы аумағында жер қойнауын заңсыз пайдалану туралы есебі тыңдалды. Облыс аумағында құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізілуіне байланысты, негізгі құрылыс материалдарына жататын топырақ, құм және қиыршық тасқа сұраныс артып, жер қойнауын заңсыз пайдалану деректері орын алуда. Жыл басынан заңсыз жер қойнауын пайдаланудың 155 дерегі анықталып, жинақталған құжаттар Әкімшілік кодексінің 139-бабында (Жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу) көзделген жауапкершілікке тарту үшін, құзырлығына қарай Экология департаментіне жолданған. Заңсыз жер қойнауына қатысты фактілер Ордабасы ауданы, Сарыағаш, Қазығұрт, Келес, Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Отырар, Сауран аудандары мен Кентау, Арыс қалалары аумағында жиі тіркелуде.
Түркістан облысы аумағы бойынша Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау тобымен жер қойнауын өз бетінше заңсыз қазу, пайдалану деректерін анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Рейдтік іс-шара барысында өз бетінше заңсыз жер қойнауын пайдаланудың 21 дерегі анықталса, заңсыз жер қойнауын тасымалдаудың 12 дерегі анықталды.
Бұл бағыттағы жұмыстар қатаң бақылау алынып, рейдтік іс — шаралар жалғасады.