35748 әскери бөліміне — 83 жыл

Оңтүстік өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөлімінің құрылғанына 83 жыл толды. Айтулы датаға орай «Көрме» орталығында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. 

Шымкенттегі 35748 әскери бөлімі 83 жылдық мерейтойын атап өтті. Осыған орай «Көрме» орталығында ұйымдастырылған салтанатты шараға әскери қызметшілер мен олардың жақындары жиналды. Қызмет барысында көзге түскен бірқатар сарбаздар мен офицерлер марапатталып, оларға алғыс хаттар табыс етілді.

Іс-шарада бөлім басшылары құттықтау сөз сөйлеп, бөлімнің тарихи жолы мен жетістіктерін баяндады. Сонымен қатар, әскери қызметкерлерге болашақтағы міндеттерін абыроймен атқаруға тілектестік білдірді.

Ержан Сабырбекұлы, 35748 әскери бөлімі командирінің орынбасары: «35748 әскери бөліміне 83 жыл толуына орай үлкен іс-шара өткізілуде. Іс-шараға әскери қызметшілер, отбасылары қатысуда. Және бөлімнің жарты жылдық қорытындысы өткізілуде. Қорытынды бойынша үздік сержанттар және оффицерлер марапатталды»

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, қатысушыларға жағымды әсер қалдырды. Бұл күн бөлім ұжымы үшін мерекелік сипатпен қатар, ұжымдық бірлікті нығайтатын ерекше сәт болды.

Лаура Бабас