«Ащы шоколад»: Шымкентте жалған жарнама жасағандар сотталды

Шымкентте «ТикТок» әлеуметтік қосымшасы арқылы «Шоколадпен қапталған құлпынай» сатылатыны туралы жалған жарнама жасағандар істі болды. Олар оннан аса адамды алдап соғып, ақшасын алаяқтық жолмен алды деген күдікке ілінген. Сот айыпталған екі адамның бас бостандығын үш жарым жылға шектеді.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «ТикТок» әлеуметтік қосымшасы арқылы «Шоколадпен қапталған құлпынай» сатылатыны туралы жалған жарнама жасаған екі адамның ісін қарады. Оларға алдын ала сөз байласып, 13 адамның ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп, өз игілігіне жаратып тастады деген айып тағылған.

«2025 жылдың 8 наурызда ақпараттық жүйені пайдаланушы «ТикТок» әлеуметтік қосымшасында «Шоколадпен қапталған құлпынай» сатылатыны туралы жалған жарнама жасаған. 13 жәбірленушігі алдап, соңғылардың ақшасын алаяқтық жолмен иемденген. Алған ақшаны өзара бөлісіп, жаратқан».

Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі

Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен айып тағылған. Олар сотта кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Жәбірленушілер кешірім берген.

«Сот жаза тағайындау барысында сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде өз айыптарын толығымен мойындауларын, шын жүректен өкініш білдіргендерін және келтірген материалдық залалды өз еркімен қайтарғандарын ескерген»

Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі

Сонымен сот екі сотталушыны да «Алаяқтық» бабымен кінәлі деп танып, олардың бас бостандығын 3 жыл 6 айға шектеді. Айта кететін жайт, үкім заңды күшіне енген жоқ.

Дилара Иса