Әл-Фараби ауданының әкімі қызметіне Маратбек Мықтыбеков тағайындалды. Ол осыған дейін Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарды.
Маратбек Мықтыбековтың екі жоғары білімі бар — 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша, кейін «Құқықтану» мамандығын тәмамдады.
Еңбек жолын білім беру саласында бастаған. 2000-2003 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы болып жұмыс істеді. Содан кейін бірнеше жыл бойы жеке компанияларда түрлі лауазымдарда болды. Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығын басқарды, Бокс және дзюдо федерацияларында кеңесші, атқарушы директор және бас қазынашы қызметтерін атқарды.
2022 жылдың сәуір айынан бастап «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК басқарды, содан кейін Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры лауазымында болды.