Әскерге шақыру әдістері қоғамда дау туғызды

Қазақстанда әскерге шақыру әдістеріне байланысты үлкен дау туындады. Әлеуметтік желілерде жастарды көшеден немесе жұмыс орындарынан күшпен әскери комиссариатқа алып кетіп жатқан видеолар тарады. Мұндай жағдай Шымкент, Қостанай сынды басқа да қалаларда тіркелген. Қоғам пікірі екіге бөлінді: біреулер әр азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті десе, енді біреулер мұндай әрекеттерді заңсыз деп бағалап отыр.

Әлеуметтік желіде кәмелеттік жасқа толған азаматтарды әскерге күштеп әкету жайттары таспаланған видеолар көп тарап жатыр. Жастарды көшеден ұстап, қинап көлікке отырғызған сәттер жел қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырды. Мысалы Қостанайдағы әскери комиссариат өкілдері емтихан кезінде колледж студенттерін әңгімелесу үшін шақырғандай болып, шын мәнінде топ-тобымен әскери комиссариатқа алып кеткен.

Ал бұл видеолар Шымкентте түсірілген. Бірінде форма киген адамдар, екіншісінде – қарапайым киімдегі азаматтар жігіттерді күшпен көлікке отырғызып жатыр. Олар – әскерге шақырту жасындағы тұрғындар көрінеді. Мұндай жайт басқа өңірлерде де қайталанып жатыр. Қазақстандықтар әскери комиссариаттардың рейді туралы бір-бірін ескерте бастады. Тіпті Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 2GIS картасындағы пікірлерді де пайдаланып жатыр.

«Біздің елде 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар үшін әскери қызмет міндетті, заң бойынша бәрі борышын өтеуі тиіс. Бірақ қазір әскерге барғысы келмейтіндер көбейіп кеткендіктен, оларды жаппай күштеп ұстай бастады»

«Бізде кеңсені аралап жүріп, әріптесімізді алып кетті».

«Қалай болғанда да ұстап алады, бәрібір әскерге барасың — сондықтан қашып жүрудің мәні жоқ».

Қоғам белсенділерінің айтуынша, әскерде қызмет ету – әрбір азаматтың конституциялық борышы. Алайда бұл борыштың қалай орындалып жатқаны көп сұрақ туғызады. Сарапшылардың пікірінше, жастарды күшпен ұстау азаматтардың құқықтарын бұзып қана қоймай, әскерге деген қоғамның сенімін төмендетеді.

Евгений Яворский, заңгер: «Шын мәнінде, жастарды қуалап, ұстап жатыр. Біздің балалармен бұлайша қатыгездікпен әрекет етуге болмайды — бұл ешқандай патриотизм сезімін оятпайды, керісінше, кері әсер береді. Құдай сақтасын, ертең бір жағдай бола қалса, мұндай әдіспен күшті әскер құрамыз деу — бос үміт».

Мамандардың айтуынша патриотизм қалыптастырудың орнына – қорқыныш, сенімсіздік және құқықтық бейберекетсіздік орын алып жатыр. Заңгерлер, егер азаматқа әскерге шақырту жібергенмен комиссариатқа келмесе, бұл отан алдындағы борышын өтеуден жалтару ретінде қарастырылып, оны мәжбүрлеп жеткізуге болады дейді. Ал жастардың әскерден босату туралы құжаты болмаса ғана, ол әскерге шақырылуға жататын санатқа кіреді. Алайда шақырылушыларды көшеде ұстап, алып кету құқықтарын таптауға жатады.

Евгений Яворский, заңгер: «Интернеттен көріп отырған жағдайларды заңгер ретінде бағаласам — бұл жерде қылмыстық құрам бар деп есептеймін: адам ұрлау, заңсыз бостандығынан айыру, қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану немесе теріс пайдалану. Бізде мұндай әрекеттер үшін мемлекеттік органдарды жауапқа тарту тәжірибесі жоқ, себебі ондай болса, ел бойынша үлкен дау-дамай туындауы мүмкін. Мемлекет тапсырма береді. Оны мамандар күштеп болсын іске асырып жатыр. Ал бұл жігіттердің құқықтарын бұзады. Шақырту жіберу, патриоттық сезімді ояту жайлы ойламай, тек күштеп көлікке тиеп алып кетуға полиция да қатысады. Сұмдық бұл. Менің ойымша, бұл — дұрыс емес және бұл жүйені шұғыл түрде өзгерту қажет».

Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын белгіленген тәртіппен жүргізілетінін жеткізді. Алайда іс жүзінде азаматтардың Отан алдындағы борышын өтеуден жалтаруы мен шақырту бойынша уақытында келмеуі сияқты қиындықтар туындап жатқан көрінеді.

ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ: «Көп жағдайда бұл қиындықтар азаматтардың тіркеудегі мекенжайында тұрмауымен немесе нақты тұратын жері бойынша тіркелмеуімен байланысты. Егер повестканы жеке тапсыру мүмкін болмаса, шақырылушыны жеткізу міндеті ішкі істер органдарына жүктеледі. Алайда кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетеді — бұл жағдайда оларды әскери комиссариатқа мәжбүрлеп жеткізуге тура келеді».

Сарапшылар күштеп әкетудің алдын алу үшін әскерге баруды кейінге қалдыруға арналған құжаттарды ертерек дайындауға кеңес береді. Себебі сіз университетке түсемін деп тұрғанның өзінде, егер оқуға қабылдау туралы бұйрық әлі шықпаса — формалды түрде сіз әскерге шақырылуға жатасыз. Сарапшылардың айтуынша, мұндай рейдтер бұрынғы Қорғаныс министрінің кезінде кең тараған, ал басшылық ауысқаннан кейін бұл жағдай заң шеңберіне шешіледі деп сенеді.

Әсел Мәлік