Жаз сайын қалыпты жағдайға айналған кілем жуу айыппұл төлеуге алып келеді. Иә, Әкімшілік кодекстің 505 бабына сәйкес қоғамдық ортаны ластағаныңыз үшін жауапкершілікке тартыласыз. Санитарлық нормаларды бұзу қалтаңызға 78 мыңнан 400 мың теңгеге дейін салмақ салуы мүмкін.
Аулаларда кілем жуу – тұрғындар үшін үйреншікті іс. Алайда мұндай тазалық жүргізу қомақты айыппұл төлеуге алып келеді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес, бұл – абаттандыру қағидаларын бұзу ретінде қарастырылған. Дейтұрғанмен айып соммасы тұрғынның мәртебесіне қарай белгіленеді.
ҚР ӘҚБтК
«Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері 20 АЕК. 2025 жылы бұл шамамен 78 мың теңгені құрайды. Шағын кәсіпкерлік пен коммерциялық емес ұйымдар үшін – 30 АЕК, яғни 118 мың теңгеге жуық, орта бизнеске – 40 АЕК, ол 157 теңгеден аса, ірі бизнеске – 100 АЕК өлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады».
Ведомство мәліметінше, құқықбұзушылық жоспарлы тексерулер барысында немесе тұрғындар шағымымен тіркеледі. Ал санитарлық талаптарды бұзып, химиялық жуғыш заттарды қоғамдық орынға, жасыл желекке төгудің соңы да айыппұлға алып келеді. Бұған қатысты қала халқының пікірі әртүрлі.
«Өзінің есігінің алдында болса жуа берген дұрыс қой. Ал этаж болса болмайды. Өзінің үйінің алдында жуа берсін. Неге айыппұл қылып оны».
«Ауылда штраф салады деп естідім, дұрыс шығар бір жағынан. Бірақ мүмкін емес қой бәрінің үйін қарау».
«Дұрыс емес, өзіміз ауылда тұрамыз. Бізде ондай жоқ. Естігенбіз бірақ».
«Көршілермен келісіп жууға болады. Ал кедергі келтірсе айыппұл салуға болады».
Заңгерлердің айтуынша, санитарлық талаптар мен тұрмыстық жағдай арасында теңдік сақталуы қажет. Евгений Яворский, әрбір азамат ақылы қызметтерді пайдалана алмайды, сондықтан халықтың қалтасының жағдайы да ескерілуі тиіс дейді.
Евгений Яворский, адвокат: «Мен айыппұлды көбейте беруге қарсымын. Себебі қазір адамдардың жағдайына қарау керек. Ақша бар кезде мамандардың көмегіне жүгінеміз. Ал қазір қымбатшылық, сәйкесінше көп тұрғын қаржылық жағыннан қысылады. Сондықтан өздері кілем жууға тура келеді. Меніңше бұл бап бойынша жауапқа тартудың қажеті жоқ. Қаулы толтырып, сол бойынша сот шешім шығару керек сияқты”.
Айыппұл салғанға мән бермей 1 жыл ішінде осындай құқықбұзушылыққа қайта барған азаматтың айып көлемі 2 еселенеді. Бұған келіспесеңіз, заң бойынша айыппұл туралы қаулыға 10 күн ішінде eGov.kz порталы арқылы немесе әкімшілік сотта шағым түсіруге болады.
Әсел Мәлік