Шымкенттегі жекеменшік балабақшадан шу шықты. Балабақша тәрбиешісінің көмекшісі балаларды кезекпен ұрған видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Оқиғаны балабақша меңгерушісі түсіндіруге тырысты. Ал қалалық полиция департаменті тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс ашып, оның қамалғанын хабарлады.
Бұл Шымкенттегі «Ай көркем» балабақшасындағы тәрбиешінің көмекшісі үш жасқа толмаған балаларды бетінен сызғышпен ұрып жатқан видеосы. Балаларының денесінен көгерген іздерін байқаған ата-аналар бейнебақылау камерасын ашқанда сұмдық жағдайға куә болған.
Балабақша меңгерушісі Нұргүл Мамашарипова балабақша қызметкерінің балаларға қол көтергенін растайды. Оның сөзінше, балабақшаның ішкі бұйрығына сай тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан босатылған.
Нұргүл Мамашарипова, «Айкөркем» балабақшасының меңгерушісі:
«Мұндай тәртіп пен талаптарды бұзатын қызметкерге біздің ұжымда орын жоқ… бұл жағдайға қатты өкінемін. Балабақшамызда баланың қауіпсіздігі мен тәрбиесі басты назарда болады. Барлық ата-аналардан түсіністік танытуын өтінемін. Кешірім сұраймын».
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, ата-аналар баласын балабақшада ұрып-соққаны туралы арыз түсірген. Соған сай қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
«Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты және объективті тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде. Полициямен бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріліп, куәгерлерден жауап алынуда»
Шымкент қалалық полиция департаменті
Айта кетейік, оқиға 4 маусым күні болған.
Дилара Иса