Шымкенттегі жекеменшік балабақшада балаларды кезекпен ұрған балабақша қызметкері жазаға тартылды. Бұл туралы қалалық прокуратура хабарлады. Ол балаларды ұрғаны үшін кінәлі деп танылған.
Өткен аптада Шымкенттегі «Ай көркем» балабақшасындағы тәрбиешінің көмекшісі балаларды бетінен сызғышпен ұрған видеосы тараған еді. Қалалық прокуратураның мәліметінше, 5 жасар қыздың бетіне сызғызпен ұрып, физикалық күш қолданғаны туралы арыз түскен. Бұл бойынша Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабымен іс қозғалып, тергеу басталған. Күдікті қамауға алынған.
Берік Еркін, Шымкент қаласы прокуратурасының өкілі: «Қала прокуратурасымен әзірленген алгоритмге сәйкес, сараптама нәтижесі 3 сағатта дайындалып, қылмыстық іс бір тәулікте сотқа жолданды. Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 12 маусым 2025 жылғы үкімімен Жарылқап Қылмыстық кодекстің 40-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған қатысты осы баппен 80 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды».
Балаларының денесінен көгерген іздерін байқаған ата-аналар балабақшаның бейнебақылау камерасын ашуды талап етіп, онда сұмдық жағдайға куә болған. Кейін болған бар жайды видеоға түсіріп, желіге таратқан. Бұл қызу талқыға түскен. Артынша балабақша меңгерушісі Нұргүл Мамашарипова балабақша қызметкерінің балаларға қол көтергенін растап, тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан босатылғанын мәлімдеген.
Ата-аналар баласын балабақшада ұрып-соққаны туралы полицияға арызданған еді. Полиция тергеу бастап, бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерген. Айта кетейік, оқиға 4 маусым күні болған.
Дилара Иса