Шымкенттік ерлі-зайыптылар қаладағы репродуктивтік медицина институты ата-ана болу мүмкіндігінен айырды деп арызданды. Айтуларынша, 2023 жылы 7 жылдан бері бала көтере алмай жүрген Нұрсұлу Ерескенова институттың көмегіне жүгінген. Институт дәрігерлері оның жатырына ота жасаған. Бұл әйелдің гармонын зақымдап, балалы болуға деген үмітін үзген. Институт Ерескенованың емделгенін растағанымен, олардың шағымы бойынша пікір беруден бас тартты.
Шымкент қаласының тұрғыны 32 жастағы Нұрсұлу Ерескенова тұрмысқа шыққанына 9 жылдан асқан. Күйеуі екеуі бала сүю арманымен бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Соңғы рет бар үмітін арқалап қаладағы репродуктивтік медицина институтына келген. Айтуынша, аталған институт оларды ата-ана болу бақытынын айырған.
Нұрсұлу Ерескенова, қала тұрғыны: «Әйелдер қауымында гармон болады АМГ гармоны антимюллеров гармоны. Сол жағын хирургия бөлімінде ота жасау арқылы менде құртып алды. Сол себептен де менде қазіргі таңда менде бала сүюге деген мүмкіндік жоқ. Ота жасалмай жатқанда мүмкіндіктер өте жоғары еді. Ота жасалған соң ол мүмкіндіктерді алып тастады. Тек донорлық күйде ғана болады онда да екіталай деп көрсетілуде қайта ЭКО жасатайын деп келсем».
Нұрсұлу Ерескенованың сөзінше, бала көтере алмаған соң 2023 жылы ЭКО жасату мақсатында репродуктивтік медицина институтының көмегіне жүгінген. Институт дәрігергері жатырында жылауық (киста) бар екенін айтып, ота жасауды ұсынған. Бірақ оның кесірі антимюллер гормонына тиетінін ескертпеген. Отаға дейін антимюллер гормоны 3.2 болса, отадан кейін 0.81-ге түсіп кеткен. Мұнымен бала көтеру мүмкін емес екенін естігенде шағым иесі мең-зең күйге түскен.
«Өзімнің антимюллер гормоным жоқ. Сонымен бірге маткаң жарамсыз деп жатыр. Енді өздері жасады ғой отаны. Оған қарамастан бұлар мойындап тұрған жоқ. Бір отбасының болашағын құртып отыр. Былай қарап айтсаңыздар…Менде ешқандай мүмкіндік жоқ енді. Не істерімді білмей отырмын қазіргі таңда», — дейді Нұрсұлу.
Ал Нұрсұлу Ерескенованың күйеуі Ерғали Ерескенов бұл жағдайға қатысты тағы бір жайттың бетін ашты.
Ерғали Ерескенов: «Үйленгенімізге биыл 9 жылдан асты. Ол кезде 7 жылдан асқан болатын. Енді біздің бар арманымыз бір бала, бір сәби сүю болды. Егер біздің екі, үш баламыз болса, ештеңе істемес едік. Оны білмесек білмей де кетер едік. Енді бізге ұсынып отыр, өзінің аналық ұрығынан емес жаңағы донорлық. Тек қана бізге болады донорлық».
Ерғали Ерескенов медициналық орталықтан ем алу үшін 4 миллион теңге шамасында шығындалғанын айтады. Орталық әйелінің денсаулығына зиян келтірумен қатар бұл шығынымды да өтемей отыр дейді ол. Енді ерлі-зайыптылар әділдік іздеп денсаулық сақтау министрлігіне, қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қалалық департаментіне шағым түсірген. Бұдан да нәтиже шықпаса сотқа арызданамыз дейді олар.
«Отырар» телеарнасы Ерескеновтердің шағымы бойынша репродуктивтік медицина институтына барды. Институт дәрігерлері олардың емделуге келгенін растағанымен шағымына байланысты қандай да бір пікір беруден бас тартты.
Дилара Иса