Көршімен келіспей қалдың ба – сотқа жүгірмей, бейбіт шешім ізде. Мамандар қазір тұрғындардың басым бөлігі медиация ұғымынан хабарсыз екенін айтады. Сондықтан Шымкентте өткен арнайы кездесуде медиаторлар мен қоғам өкілдері жанжалды сотсыз шешудің жолдарын талқылады.
Күнделікті өмірде көршілер арасындағы дау сотқа дейін жетіп жатады. Отбасындағы ұсақ жанжалдың өзі құқықтық жүйеде күрделі процеске айналып, тұрғындар соттылық алып қалуы ғажап емес. Мамандар мұндай жағдайда мәселені ушықтырмай, екі жақты келісіммен шешудің ең тиімді жолы – медиация дейді. Осыған байланысты бүгін Шымкентте бірнеше тарап арнайы кездесу ұйымдастырып, медиация саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Салтанат Әбдукәрімова, медиатор: «Көп халықтың арасында медиацияны білмейді. Мүмкін 100 проценттің 2 проценті ғана білетін шығар. Дамығаны. Ал шетелде 80-90 проценті медиациямен бітеді. Қазір тауықты ұрласаң да жауапкершілігі бар. Ал бұл жерде медиативті келісімді алып, кешірім алуға болады»
Кездесу Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Шымкент қалалық филиалының бастамасымен өтті. Шара барысында қатысушылар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, жанжалдарды бейбіт жолмен шешудің тиімді жолдарын талқылады. Жауаптылар басқосуда айтылған талап-тілекке бей-жай қарамайтынын айтады.
Мақсат Жақсыбаев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы: «Дау-дамайдың бәрі сотқа жіберіледі. Яғни жұртшылықтың көбісі де сол соттың төңірегінен шыға алмай жатыр. Бізде яғни қазақстанда сотқа дейінгі институттың бар екенін көпшілік естен шығарып алған сияқты ма? Осы мәселені медиаторлардың өзіне де қойып жатырмыз. Қылмыстың істер деп айтпай ақ қояйық, дегенмен әкімшілік істер, азаматтың істер жергілікті жерде ақсақалдар, медиаторлар шеше алатын нәрсені сотқа тасиды. Осыны бір республикалық деңгейде көретсек деп жатырмыз»
Жоспар бойынша, жыл соңына дейін бірнеше тараппен осындай форматтағы кездесулер өткізілмек. Әр ұсыныс пен маман пікірі негізінде ортақ ұсыныс топтамасы әзірленіп, оны тиісті мемлекеттік органдарға жолдау көзделіп отыр.
Әсел Мәлік