Дендрасаябақта кітапхана құрылысы жүріп жатыр. Саябақ әкімшілігінің хабарлауынша, бұл үшін бір түп ағаш та кесілмейді. Бюджеттен бір тиын ақша алынбайды. Кітапхана демеушілердің есебінен салынып, құрылысы біткенде мемлекет меншігіне өтеді. Қаланың жүрегіне айналған саябақ кітапханасының не үшін керек, келесі материалда таратып айтамыз.
Шымкенттегі Дендрасаябақта заманауи әмбебап кітапхана мен шахматшылар үйі құрылысының басталғанына екі айдан асты. Дендрологиялық саябақ директоры Есдәулет Достиярдың айтуынша, онда тозығы жеткен ескі ғимарат пен субұрқақ болған. Соның орнын тиімді пайдалану ұсынылған. Бұл кітапхана тұрғындар мен қонақтардан бөлек саябақ қызметкерлері үшін маңызды. Себебі дендрологиялық саябақ ғылыми бағытта жұмыс істейтін мекеме.
Есдәулет Достияров, А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ директоры: «Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы демеушілердің есебінен. Дендрасаябаққа зиян келетін қандай да бір ағаштардың кесілуі орын алған жоқ. Қазіргі таңда металлоконструкция жұмыстары аяқталды. Енді сыртқы қасбетін қаптау, ішкі әрлеу, шатырын жабу жұмыстары жүргізіледі».
Жоба бойынша кітапхана аумағы 380 шаршы метр, ал кітапханаға қарама-қарсы бетке түсетін шахматшылар үйі 50 шаршы метр шамасында болады. Саябаққа келушілердің ұсынысымен шәйхана да жұмыс істейді. Онда тек сусындар, дайын кофе, шәй, тіскебасарлар сатылады. От жағылмайды, газ тартылмайды. Кітапхана, шахматшылар үйі мен шәйханада өрт қауіпсіздігі қатаң сақталады. Бұл үшін мемлекеттен бір тиын ақша бөлінбеген. Жобаға кәсіпкерлер демеушілер еткен. Жалпы жоба құны 170 миллион теңге.
Есдәулет Достияров, А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ директоры: «Мемлекеттің меншігіндегі Дендрасаябақтың меншігіндегі кітапхана болады. Ертең құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін қабылдау актісімен өзімізге қабылдайтын боламыз. Бастама негізі халықтан туды. Осы жерге халық демалатын орын істеңіздерші, сусындар болсыншы деген сияқты. Бірақ біз оны жетілдіре отырып, кітапхана жобасын қостық ғылыми бағытта болған соң. Екеуі үндестіре отырып осындай дүние жасалып жатыр қазір».
Алдын ала жоспар бойынша кітапхананы кез-келген адам пайдалана алады, оған ешқандай шектеу жоқ. Онда түрлі бағыттағы кітаптар ел игілігіне беріледі.
Есдәулет Достияров, А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ директоры: «Дендросаябақтың өзі жайлы орын ғой. Таза ауасы бар, ағаштардың өзі керемет. Сонымен қатар осы жерде кішкене көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Келіп кітап оқығанға ыңғайлы қаламызға бір керемен орын болады деп есептейміз өзіміз. Көбінесе түсінбеушіліктер болып жатыр. Жаңағы ағаш келісу орын алып жатыр деген сияқты. Тағы да ескерте кететін жайт, ағаш келісу немесе дендрасаябаққа зиян келтіретін ешқандай жұмыстар жасалып жатқан жоқ».
Достияров қаланың жүрегіне айналған саябаққа бұл жоба қауіпті деп алаңдауға негіз жоқ дейді. Ал кітапхана құрылысы осы жылдың қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған. Айта кетейік, Дендросаябақтың жалпы көлемі 117 гектар. Онда 214 түрлі 74 мыңнан аса түп ағаш өсіп тұр. Саябаққа айына шамамен 6 мыңнан аса адам келеді.
Дилара Иса