Есірткі сатып, мал тапқан отбасы түрмеде отыр

23 жастағы Ким отбасымен бірге есірткі тасымалымен айналысып, 18 жылға сотты болған. Ол небәрі 20 жасында от басқан. Яғни, алғашында есірткі затын өзі қолданып бастаған.

Мұнан соң, ақша табу мақсатында кішігірім дүкен ашқан. Алып сатумен айналысып, анасы мен өгей әкесіне де жұмыс берген. Олар да қаражаттың буымен отбасылық кәсіпті игеріп алып кеткен. Қазіргі таңда анасы 16 жылға сотталып, жазасын Қарағанды қаласында өтеп жатыр. Ал, өгей әкесі Шымкент қаласында абақтыға жабылған.

Сотталушы: «Есірткіні бір — екі рет көресің. Қолданасың, қайтадан соң іздейсің. Басқа есірткіні көресің. Әсіресе синтетикалық есірткіні алар болсақ, оны қолданған соң, өзіңнің көлеңкеңнен қорқасың, не істеп, не қойғаныңды байқамай қаласың. Кейде бір апта бойы тамақ ішпейсің, жемейсің. Ұйықтамайсың кейбір кездері. Сол біткенше соны қолданып отыра бересің. Тіпті, біткен кезде қайтадан көшеге шығып, ақша іздейсің, біреуді алдайсың, ақша табасың. Қайтадан сол өмір басталады. Бірақ, мен 1,5 жыл дегенде есірткіге тәуелділікті жеңіп шықтым. Бірақ, түрмеге түсіп қалдым».

Сотталушының айтуынша, есірткілік масаң күйде болып, тапқан тиын-тебенге күн көргенше, адал еңбек еткен дұрыс дейді. Айта кетейік, №54 түзеу мекемесінде 800 — ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Олардың ең көбі 25 жылға сотталғандар.

Нұргүл Жолымбетова