Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы Құранбек 19 маусым – Қала күні меркесіне орай жоспарланған іс-шаралар туралы мәлімдеді.
Шымкент қаласының табиғи сұлулығы мен мәдени келбетін сурет өнері арқылы дәріптеу мақсатында 18 маусым күні «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» атты халықаралық суретшілер симпозиумы басталады. Іс-шара А.Пушкин атындағы әмбебап кітапханада өтеді. Симпозиумға Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей елдерінен және еліміздің түрлі өңірлерінен келген танымал қылқалам шеберлері қатысады.
Суретшілердің бір бөлігі өздерімен бірге дайын туындыларын ала келсе, қалған бөлігі жұмыстарын Шымкент аумағында салады. Симпозиум барысында шеберлік сабақтары мен көрерменмен ашық кездесулер ұйымдастырылады. 20 маусымда жабылу рәсімі өтіп, әр суретшіге арнайы гонорар мен алғыс хат табысталады. Нәтижесінде қала музейінің қорына 45 көркем шығарма тарту етіледі.
Сонымен қатар, 21 маусым күні Түркістан сарайында республикалық деңгейдегі ақындар айтысы өтеді. «Шырайлы, шежірелі құтты мекен» атты сөз сайысына еліміздің 8 өңірінен 12 суырыпсалма ақын қатысады. Ұлттық мұра мен елдік мәселе қатар өрілетін бұл додада бас жүлде иегеріне автокөлік табыстау жоспарланған. Айтыс Шымкенттің мәдени өміріне серпін беріп, ақындық өнерге бетбұрыс жасайды деп күтілуде.