Газ – немқұрайдылықты кешірмейді. Түркістан облысында «Интергаз Орталық Азия» компаниясы газ тасымалдау жүйесінің учаскелеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шара барысында журналистерге магистральдық газ құбырлары өтетін аумақтар, күзет аймақтарының қалай белгіленетіні және қауіпсіздік талаптарын сақтау негізі түсіндірілді.
Жер астындағы газ құбыры көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ бұл қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Осыны түсіндіру мақсатында QazaqGaz ұлттық операторының еншілес компаниясы — «Интергаз Орталық Азия» Түркістан облысындағы газ тасымалдау жүйесіне арнайы баспасөз турын ұйымдастырды.
Шара барысында журналистерге газ құбырларының күзет аймақтары қалай белгіленетіні және сол шекараларды сақтау не үшін маңызды екені жан-жақты көрсетілді. Сала мамандарының айтуынша, көгілдір отын инфрақұрылымының қауіпсіздігі — басты басымдық. Белгіленген ережелерді қатаң сақтау — төтенше жағдайдың алдын алады.
Сәкен Исмайлов, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» МГҚБ директоры: «Барлық күзет аймақтарына арнайы ақпараттық белгілер қойылған. Республикамыздың құрылыс нормаларына сәйкес магистральдық газ құбырлары үшін құбыр санатына және объектінің түріне байланысты ең аз рұқсат етілген қашықтық белгіленген. Бұл қашықтық 700 метрге дейін жетеді. Бұл нормалар халықтың, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ғана емес, бүкіл газ тасымалдау жүйесін қауіпсіз пайдалануды көздейді».
Түркістан облысы мен Шымкент қаласының аумағынан жалпы ұзындығы 2407 шақырымды құрайтын магистральдық газ құбырлары өтеді. Құбыр бойындағы әрбір учаскеге 500 метр сайын арнайы қауіпсіздік белгілері орнатылған. Олар күзет аймағының шекараларын және басқа объектілерге дейінгі ең аз қашықтық аймағын анықтайды. Мамандардың айтуынша, бұл — тек техникалық талап қана емес, ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты шарт.
Жандос Сәденов, «Интергаз Орталық Азия» АҚ ШЫМКЕНТ МГҚБ бас инженері: «Газ құбырының басым бөлігі жер астына төселген және топырақ үйіндісімен қорғалған. Күзет аймағының ені әр бағытта 50 метрді, ал ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерде 25 метрді құрайды. Компрессорлық және газ тарату станцияларының айналасында 100 метрлік радиуста күзет аймағы белгіленген. Сонымен қатар, тұрғын үй және өнеркәсіптік нысандарға дейінгі ең аз қашықтық — 150-ден 350 метрге дейін».
Компания өкілдері газ құбырларының күзет аймағы формалдылық емес, нақты қауіпсіздік шарасы екенін атап өтті. Мұндай нысандарға рұқсатсыз өту адам өмірі мен қоршаған ортаға қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан белгіленген талаптарды сақтау — газды тұрақты әрі қауіпсіз жеткізудің, сонымен қатар тұрғындардың денсаулығын қорғаудың маңызды тетігі.
Әсел Мәлік