Кентау қаласы түрлі бағыттар бойынша қарқынды дамып келеді. Соның бір дәлелі – Қарнақ ауылында бой көтеріп жатқан жаңа Мәдениет үйі. Құрылыс жұмыстары мемлекет қаражаты есебінен жүргізілуде.
Мердігерлердің айтуынша, жаңа ғимарат заманауи стандарттарға сай салынатын болады. Мұнда түрлі мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік туады. Жергілікті тұрғындар көп жылдан бері үлкен клубтың жоқтығын сезініп келген еді – енді бұл мәселе шешімін таппақ.
Бұл болашақ Мәдениет үйінің көрермендер залы. Заманауи сахна, сапалы дыбыс оқшаулау жүйесі, әртістерге қолайлы жағдай — мұның бәрі жобада толық ескерілген. Жаңа нысан Қарнақ ауылындағы өнерге құштар жандардың басын қосатын мәдени орталыққа айналмақ. Айта кетейік, мұндағы шығармашыл, дарынды азаматтар аз емес.
Данияр Байсейітов, Кентау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы: «Жалпы 2 этаждық. Үстіңгі қабат директор және оның қызметкерлерінің бөлмесі. Ал астыңғы қабат мәдениет үйіне қажетті шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер, жеке кабинеттер, киім ауыстыратын бөлмелер және тағы басқалар жоспарға еніп, салынуда».
Қарнақ — бұл, көптеген адамдардың кіндік қаны тамған туған жері ғана емес, сонымен қатар өңірдегі туристік бағыттардың бірі. Жаңа Мәдениет үйі жергілікті өнерпаздарға өз тарихын ауыл қонақтары мен тұрғындарына жеткізуге үлкен мүмкіндік береді. Құрылыс бірнеше ауысыммен жүргізілуде. Жұмыстарды жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.
Данияр Байсейітов, Кентау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы: «Иә, кепілдік мерзімі — 5 жыл. Алып келген құрылыс материалдарды арнайы лабораториядан өткізіп жатырмыз. Қорытындысы шыққан соң ғана рұқсат берген жағдайда істеп жатырмыз. Және өзіміздің жобаны қадағалауымыз бар. Жалпы сапалы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудеміз».
Соңғы жылдары Кентау қаласының келбеті айтарлықтай өзгерді. Бұған дейін шешімін таппай келген мәселелер бүгінде нақты іске асуда. Әкімдік өкілдері өңірді дамыту жұмыстары жалғасын табатынын айтады. Ал тұрғындар жаңа бастамаларды қолдап қана қоймай, атқарушы биліктің жұмысын бақылауға дайын.