Кентау: Терең тарих қойнауындағы Ишкент

Ишкент — көпшілік біле бермейтін, бірақ Түркістан облысының қойнауында жатқан тарихи жауһар. Ғаламторды ақтарып іздесеңіз, бұл мекен туралы мардымды мәлімет таппайсыз. Ал шын мәнінде, бұл өңір— тұнған тарих десек артық айтқандық емес.

Қарнақ ауылы. Біздің әңгімеміз осы жерден басталады. 2025 жыл. Қарнақ, Түркістан облысы. Қазіргі таңда тыныш тіршілігімен күн кешіп жатқан ауыл. Бірақ бізге беймәлім бұл мекеннің тамыры тым тереңде. Біз ұмыт қалған тарихтың бетін ашуға бел будық.

Ғалымдардың айтуынша, бұл жерде ежелде Шагильджан мен Ишкент атты қимақ қоныстары орналасқан. Ал «Карнақ» атауы XI ғасырдағы жазба деректерде алғаш рет кездеседі. Қала кезінде қорғаныс мақсатында каналдармен қоршалған. Уақыт өте келе бұл құрылымдардың барлығы жер астына қалған. Иә, иә, сіз дұрыс естідіңіз. Сөздің тура мағынасында, мұнда жер астында алып қала «көмулі жатыр»

Мұндағы артефактілер — тура аяқ астында.
Жергілікті зерттеуші, экскурсия жетекшісі Мырза Мырзаев — осы өңірдің жанашыры. Оның отбасы бұл жердің құпиясын ашуға бірнеше буын бойы еңбек етіп келеді.

XX ғасырдың басында Ишкент білім мен ілімнің ордасына айналды. Мұнда қатар жұмыс істеген төрт медресе мұсылман әлемінен келген шәкірттерді қабылдаған. Олар дінмен қатар араб тілі мен басқа да ғылымдарды меңгерген деседі.

Бүгінде көне Ишкенттің іздері жер астында жатыр. Бірақ бұл — көмескіленген шежіре емес. Бұл — Қазақ даласының ұмыт қалған шынайы тарихы. Келесі бөлімдерде біз бұл тақырыпты жалғастырып, тың мәліметтер мен құнды сұхбаттар ұсынамыз. Өйткені бұл тарих — сіз білуге тиіс шындық.