Медицина саласының үздіктері марапатталды

фото ШӨКҚ

Шымкентте медицина саласының қызметкерлері төл мерекесін атап өтті. Мереке қарсаңында, денсаулық сақтау саласының үздіктері марапатталып, қала әкімінің алғыс хатын арқалады. Сондай-ақ, еңбегі еленіп, халықтың ықыласына бөленгендері денсаулық сақтау ісінің үздігі төс белгісіне ие болды. Дәрігерлердің қуанышымен бөлісіп қайтқан тілші бейнематериалында.

Баян Рыстаева «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төл белгісімен марапатталды. Ол 31 жылдан бері науқастарды емдеу ісімен айналысып келеді. Оның ішінде 23 жыл жұқпалы аурулар ауруханасында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқаруда. Қиындығы мен қызығы бірге жүретін жұмыста, талай сыннан сүрінбей өттік дейді дәрігер.

Баян Рыстаева, Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі: «Бүгінгі күн біз үшін ерекше күн. Денсаулық сақтау саласының мерекесі болып жатыр. Осы жылдары еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Медаль алып жатырмын. Әріптестерімді мерекемен құттықтаймын. Аман болсын. Қала тұрғындары аман болсын. Тек қана мерекеде кездесіп жүре берейік».

Елімізде адам өмірі мен денсаулығын сақтауға аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі қарсаңында өзге де дәрігерлер марапатқа ие болды. Оларға қала әкімінің алғыс хаты табысталды. Аталмыш марапатты шаһар басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Асылов табыстады. Сондай-ақ, ақ тілегін жолдады.

Қуаныш Асылов, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Дәрігерлік қадірлі кәсіп. Адам жанына араша түсіп, өмірін сақтау, асқан жауапкершілікті талап етеді. Сіздер денсаулық сақтаудың алдыңғы шебінде тұрып, адам өмірі үшін күресетін батырсыздар. Құрметті кәсіби жандар, сіздерге денсаулық, бақ береке тілеймін. Қызметтеріңіз абыройлы болсын».

Медицина саласында еңбек етіп жүрген мыңдаған мамандар бүгінде халықтың саулығы үшін күн-түн демей жұмыс істеп келеді. Десе де, дәрігерлер ең алдымен халықтың алғысына бөленгені абзал дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Нұрлыбек Асылбеков,  Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Керемет мереке болып жатыр. Өздеріңіз білесіздер. Оңай емес. Қиын. Жедел-жәрдем болсын, балалар, аналар болсын. Дегенмен, алғыс алатын жұмыс. Әріптестеріме айтып жатырмын. Ең алдымен халықтың алғысын алу керек. Солардың алғысы көп болсын. Әр пациент өзіне керек көмекті уақытында алса дейміз. Әрбір науқас ауырып келеді, оларға күліп, жартылай көмек жасаймыз».

Айта кетейік, Шымкенттік білікті дәрігерлердің көмегімен, озық технологияларды қолдана отырып, 1500 астам ота жасалды. Оның ішінде, 240 бүйрек, 35 бауыр, 2 жүрек трансплантациясы жасалды.

Нұргүл Жолымбетова