Мемлекеттік грантта оқыған жастар жұмыс істемесе, шығынды қайтаруға міндетті

Photo : vidhyarthidarpan

Мемлекеттік грантта оқыған түлектерге ақыны қайтару туралы жаппай хабарлама келіп жатыр. Өз грантын өтемеген түлектерден қарыз сомасы мәжбүрлі түрде қайтарылады. Бұл туралы «Қаржы орталығы» АҚ мәлімдеді. Егер сот оны кінәлі деп тапса, шоты бұғатталып, шетелге шығуға тыйым салынуы мүмкін. Ал, гранттың ақысын төлемеу құқығынан кімдер босатылады?

СМС ХАБАРЛАМА «Құрметті грант негізінде оқыған түлек! «Қаржы орталығы» АҚ грантты еңбекпен өтеу бойынша міндетіңіз жөнінде хабарлайды. Еңбекпен өтеу туралы талап орындалмаған жағдайда оқу шығындары сот тәртібімен өндіріледі».

Бұл хабарлама мемлекеттік грантта оқыған жандарға жаппай таратылып жатыр. Әсіресе, аталмыш ескерту қолына дипломын алып, жұмыссыз жатқан жандарға қатысты. Олар үшін міндетті еңбек мерзімі 3 жыл. Ал, «Серпін» бағдарламасының түлектері үшін – 2 жыл.

«Грант шарттары бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда ғана мемлекет жұмсаған қаражатты өтеу талап етіледі. Сонымен қатар, егер түлек белгіленген мерзімнің бір бөлігін өтеген болса, шығындарды өтеу нақты өтелмеген кезеңге пропорционалды түрде жүзеге асырылады»,- «Қаржы орталығы» АҚ мониторинг бөлімі

Айта кетейік, жыл сайын Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім беру гранттары бойынша орташа есеппен 55–57 мың түлек білім алады екен. Қазіргі таңда оларға арнайы хабарлама біріңғай байланыс нөмірі арқылы жолданып жатыр. Азамат, міндетті түрде кері байланысқа шығуы қажет.

Мирана Сапаралина, «Қаржы орталығы» АҚ мониторинг бөлімінің маманы: «ҚР «Жекелеген дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заң талаптарына сәйкес, Оператор — бірыңғай «электрондық үкімет» байланыс орталығы (1414) — барлық мемлекеттік грант иегерлеріне дербес деректерді (Ұйымның БСН, атауы, еңбек ету мерзімі) жинау және өңдеуге келісім алу мақсатында тұрақты түрде SMS-хабарлама жібереді, бұл — мониторинг пен жұмысқа орналастыру үшін. Түлекке SMS-хабарламаға жауап беру және жеке деректерін беру үшін төмендегідей жауап жіберу қажет: 511 – келісім білдіретін жағдайда, 512 – бас тарту білдіретін жағдайда, Келісім берген жағдайда (код 511 жіберілсе), түлектерге «Қаржы орталығы» АҚ-ға жұмысқа орналасғанын растайтын құжаттарды ұсынудың қажеттілігі болмайды. Ал егер келісуден бас тартса (код 512), онда грант бойынша берілен міндеттемелерді орындау мақсатында, келесі үш жыл ішінде әр жартыжыл сайын «Қаржы орталығы» АҚ-ға жұмыс істеп жатқанын растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс».

Грант иегерлері жоғары оқу орындарын аяқтаған уақытта тарату комиссиясы арқылы 1 шілдеге дейін міндетті еңбек орындарына орналастырылады. Егер лайықты вакансиялар болмаса, өңірлік мансап орталықтарына жіберіліп, жұмыссыздар тізіліміне енгізіледі. Осыған орай, жұмыссыз мәртебеде болған кезең, міндетті еңбек мерзіміне есептеледі.

Бекболат Алиханов, Шымкент қаласы Еңбек мобильділігі орталығы директордың орынбасары: «ЖОО бітіріп келген түлектер, өздерінің мамандығы бойынша 12 айға жастар практикасына жұмысқа жолдай аламыз. Олар өздерінің мамандығына сәйкес, кәсіпкерлер бар. Соларға жібере аламыз. Қазірдің өзінде 600 — ден астам жасты жастар практикасына жолдап отырмыз. Одан бөлек, бізде алғашқы жұмыс орын деген бар. Диплом болу керек. Міндетті емес. Жастар санатындағыларды жібереміз. Егер, ол болмаса, тұрақты жұмысқа баратын болса, екбек кз порталы арқылы жұмыс ұсынамыз. Жұмыс берушіге хабарласамыз, осындай мамандық бар деп жібереміз».

Гранттың ақысын төлемеу құқығы жүкті немесе үш жасқа дейінгі баласы бар жоғары оқу орнының түлектеріне беріледі. Сонымен қатар, I немесе II топтағы мүгедектігі бар азаматтар да шығынды өтеуден босатылады. Сондай-ақ, жолдасы тұратын елді мекенде бос жұмыс орны болмаса, магистратураға, резидентураға немесе докторантураға грантқа түскен студенттер де босатылмақ. Бұдан бөлек, әскери қызметтегі түлектер грант қаржысын бір жылдан кейін өтей алады.

Нұргүл Жолымбетова