«Мұның артында кім тұр?»: Депутат каналдың мәселесін көтерді

Шымкентте танымал кәсіпкер, Еңбекші ауданына қарасты Шымкент каналын меншіктеп алған ба? Депутаттардың айтуынша, талай жылдық тарихы бар канал арнасының бір бөлігі кәсіпкердің қолына өткен. Ол суды өз арнасынан бұрып, автотұрақ салуға бірнеше жыл бұрын мемлекеттік акт алған көрінеді. Қолындағы құжатына сәйкес, бетондау жұмыстарын да, жүргізіп үлгерген. Алайда, халық қалаулылары бұл заңсыз деп отыр. Ал, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы бұған не дейді?

Шымкенттегі 70 жылдық тарихы бар каналдың бір бөлігі автотұраққа айналған. Бұл туралы тұрақты коммисия барысында мәлім болды. Яғни, кәсіпкер, осыдан бірнеше жыл бұрын құжатын түгендеп, каналдың арнасын 15-20 метрге бұрып, өз игілігі үшін пайдалануға рұқсат алған екен. Алайда, депутаттар канал арнасы 50 метрге дейін жылжып кеткен дейді. Бұл заңсыз деп отыр. Ал, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы, халық қалаулыларының сұрақтарына тұщымды жауап бере алмай, сынның астында қалды.

Бәйкен Әшірбаев,  Қалалық мәслихат депутаты: «Қаланың әкішілігінде, осыдан 5 жыл бұрын госакт алды деген болатын. Енді оны ауыстыруға, мына көпір құласа 4,5- 5 млрд теңге болады. Ол кісілер бетон істеген. Ертең күн ысыған кезде, трещина береді. Бұл менің жеке мәселем емес. Қоғамдық кеңеске келіп шешіп бер деп айтуы, бармақ басты, көз қысты тұр ғой. Кім тұр мынаның артында. Каналды қашан ауыстырасыздар? Неге ол нәрсе, ГАС-ке барса да, бітпейтін нәрсе?»

Әбілқайыр Оңғар, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы: «Сіз айтып отырған Шымкент каналында сол жақ жағалауында, индустриалды аймақ. Сатылып кеткен жеке кәсіпкерге. Алғашқы госакт 2014 жылы шыққан. 2023 жылы бір егеден екіншіге ауысқан. Сол аралықта, кәсіпкердің госактісінің аумағына кіріп кеткен. Каналды ешқайда алып кете алмайтынын айтып түсіндіріп, ол өз қаражат есебінен 15-20 метр су арнасын өзгертіп, каналды сол қалпында сақтап, жол жақын еткен. Ол 15-20 метр емес, 50 метр. Бір кәсіпкерді ойлап, мосты, елді ойламаймыз ба?».

Талғат Балтабаев, Қалалық мәслихаттың депутаты: «Біреудің жоғын, біреу өлең айтып іздейді» дейді. Әсет Қайыпбеков па? Ол кісі, кезінде транспортты да автобустарды да алды. Енді каналдарға өтті ме? Сіз нақты сұраққа нақты жауап берсеңізші».

Осылайша, сын астында қалған басқарма басшысы әкімдік қызметкерлерімен бірге барып, кәсіпкердің заңсыз әрекетін анықтапты. Сөзіне сенсек, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау басқармасымен айыппұл да салған екен. Енді, кәсіпкер Шымкент каналын бастапқы қалыпқа келтіру қажет.

Әбілқайыр Оңғар, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы: «Каналдың арнасы бас жағынан 15 метрден- аяқ жағынан 50 метрге дейін өзгертілген тұстары бар. Біз ол жерге, әкімдікпен бірлесіп шығып, ГАСК басқармасы, кәсіпкерге айыппұл салынды».

Айта кетейік, 2025 жылы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бюджеті 26 млрд. теңге болып бекітілген. Оның ішінде 15 млрд. теңгесі мемлекеттік жекешелік әріптестікті күтіп ұстауға бөлінген. Ал, 3 млрд. теңге қаладағы каналдарды салу, су қоймаларын ретке келтіру жұмыстары үшін қаралған. Бұдан бөлек, дендросаябаққа 763 млн. теңге қарастырылған.

Нұргүл Жолымбетова