Өрттен зардап шеккен отбасылар баспаналы болмақ

Далада қалған 12 отбасы баспаналы болады. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өрттен зардап шеккендерге келіп, пәтер кілті табысталатынын жеткізді. Алайда, кейбір тұрғындар жаңа пәтерге көшуге асығар емес. Ескі үйде естеліктеріміз бар деп отыр. Егер олар келіспеген жағдайда, жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Сондықтан, тұрғындар өзара келісіммен бір шешім қабылдауы тиіс. 

Бейсенбек Байбосынов — зейнеткер. Ол осы жерде бірінші қабатта екі бөлмелі үйде тұрған болатын. Үйден өрт шығып, тілсіз жау шарпыған сәтте, қажетін алып қашып құтылған. Басы аман болғанымен, үйінің төбесіне су ағып, төбесі опырылып қалған. Осыған орай, жәбірленушіге жаңа ауданнан су жаңа пәтер берілмек. Зейнеткер, әкімдіктің бұл әрекетіне разылығын білдіріп, қуанышын жеткізді.

Бейсенбек Байбосынов, зейнеткер: «Көрішілерімізбен әңгімелесіп, не болады деп едік. Бірақ әкім келіп, барлығын түсіндіріп берді. Бәріміз қуанып жатырмыз. Табан астында пәтер беріп жатыр. Қуанып жатырмыз. Басқа район болсын, кез-келген жерден берсе болды. Далада қалмасақ болады. Таңдап аласыңдар деп жатыр».

Айта кетейік, өрттен зардап шеккен отбасыларға «SHYMKENT» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ -ның тарапынан Шымсити, Тұран шағынаудандарынан су жаңа пәтер берілмек. Мамандардың айтуынша, кімде қанша бөлмелі пәтер болды, дәл сондай баспана беріледі. Бір артықшылығы, пәтерлердің шаршы метрі үлкен. Десе де, тұрғындар бір ауыздан келісімге келу керек. Егер барлығы, ескі пәтерден бас тартқан жағдайда толығы баспанамен қаматамасыз етіледі.

Данияр Ахметжанов, «Shymkent»ӘКК» АҚ басқарма төрағасы: «Бір нұсқаманың бірінде бізде реновация деген бар. Бұл бағдарлама бойынша 100 пайыз келісім болуы керек. Барлық подьезд келіссе, үйдің жағдайы жаман, бізді де көшіріңіз десе, реновация бағдарлама бойынша, жаңа районнан пәтер береміз деген ұсыныстарымыз бар. Дәл қазір біреу келісемін, біреу келіспейміз деп отыр. Барлығымыен сөйлесіп шығамыз. Барлық пәтерлерді көрсететін боламыз».

Естеріңізге сала кетейік, 18 маусым күні, 1 мамыр көшесінде екі қабатты тұрғын үйде өрт шығып, 12 отбасы далада қалған болатын. Олар шырт ұйқыда жатқанда, өрт бірден тұтанып, жан-жақты шарпыған. Қолына ілінген заттар мен құжаттарын құшақтаған тұрғындар далада қалған болатын.

Нұргүл Жолымбетова