«Отырғызылған көшеттердің 63,5 пайызы өнген»

Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте аймақтағы ауылдарды көгалдандыру жұмыстарына қатысты өзекті мәселелері талқыға салынды. Облыс әкімінің сөзінше, ағаш отырғызуда кемшіліктер бар. Егілген көшеттердің сапасын қадағалау маңызды. Мысалы, 2024 жылдың күзі және 2025 жылдың көктемінде отырғызылған көшеттердің 63,5 пайызы өнген, қалғаны қурап қалған.

Түркістан облысы әкімдігінде өткен мәжілісте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев баяндама жасады. Оның сөзінше, биыл облыстың аудан, қалаларына жалпы 1 миллионан астам көшет егу жоспарланған. Көктемде 440 мың түпке жуық көшет егілген. Аудан, қала бюджеті және демеушілердің есебінен шамамен 70 мың түп көшет алынған. 2024 жылдың күзі және 2025 жылдың көктемінде отырғызылған көшеттердің 63,5 пайызы ғана өнген.

Қайрат Абдуалиев,Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: «Жалпы бізге берілген жостар 1 миллион 1 жүз көшет өндірілуі керек еді. Өзіңіз білесіз, 800-ден аса елді мекендерді 90 пайызын қамтып, 4 миллион көшет жоспарланған. 4 миллион көшетпен жылдың соңына дейін шығамыз. Жылдың мамыр маусым айында арнайы тексеру тағайындап, зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Облыс бойынша 24 жылы күзде егілген 25 жылы көктемде егілген ағаштардың өзін қарап, санағанда жалпы өнімділік 63,5 пайыз болып отыр».

Облыс әкімі Нұралхан Көшербаев аймақта көгалдандыру ісінде мәселелерді шешу үшін жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері жұмысты жүйелеу және жандандыруды тапсырды. Оның сөзінше, ағаш отырғызуда кемшіліктер бар. Егілген көшеттердің сапасын қадағалау қажет.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Ағаш отырғызу науқанында жасыл екпінді күтіп ұстау және қорғау қағидасына сәйкес егу жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Ааудан, қала әкімдері арнайы тұқымбақтарды ашу бойынша нақты жұмыс жүргізсін. 1 қарашаға дейін жұмыс толық бітірілсін. Әр ауданда пайда болуы керек. Отырғызылған ағаш көшеттерін суғару және желден қорғау мақсатында қоршау жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырамын».

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма мәліметінше, Арыс, Түркістан қалалары, Созақ, Келес, Ордабасы, Шардара ауданында көшеттердің өнімділігі жоғары әрі сапалы. Керісінше, Сарыағаш, Бәйдібек, Отырар, Жетісай ауданында көшеттер дер кезінде алынып, отырғызу жүйелі жүргізілмеген.

Қоршау және суару жұмыстары нашар деңгейде, көшеттердің өнімділіктері төмен. Кентау қаласы және Мақтарал, Сауран, Сайрам, Түлкібас, Төле би ауданында басқармаға қарасты мекемелерден алынған көшеттерге тиісті күтіп-баптау жұмыстары дұрыс жасалмаған.

Дилара Иса