Шылым мен шу үшін айыппұл 58 мың теңге. Ал, вандализм жасағандар 197 600 теңге төлейді. 2025 жылдан бастап, Қазақстанда көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары үшін жаңа ережелер күшіне енді. Енді темекі тартқаны немесе қабырғаға жазу жазғаны үшін тек айыппұл ғана емес, әкімшілік қамауға алу да қарастырылған. Құқықбұзушыларға қатысты қандай тыйымдар бар? Сондай-ақ, кімдер жаза басып, айыппұл арқалайды.
Бір дана темекі үшін – 58 мың теңге. Ия, сіз қағыс естімедіңіз. Бұл шылымды бейберекет тарқандарға салынатын айыппұл. Ал, үй қабырғаларын бүлдіріп, жазу— сызу үшін – 20 тәулікке қамаласыз. Яғни, Қазақстанда көпқабатты үйлердің кіреберістерінде тәртіп бұзуға қатысты талаптар күшейтілді. Жыл басынан бастап ортақ пайдалануға арналған орындарды пайдалану ережелеріне жаңа нормалар енгізілді. Енді тәртіп бұзғандар тек айыппұлмен шектелмей, қамауға да алынуы мүмкін.
Ердәуіт Ниязов, Шымкент қалалық ІІД ЖПБ басшысының орынбасары: «Кіреберістерде, баспалдақ алаңдарында және балкондарда темекі шегуге ресми түрде тыйым салынды. Темекі шеккені үшін – 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады, подьездерде құқықтық тәртіп бұзса, ұсақ бұзақылыққа жатады. Немесе 15 тәулікке қамалады».
Алайда,темекі шегу мен мүлікті бүлдіру – жалғыз проблема емес. Тыйым салынған әрекеттерге түнгі уақытта шу шығару, алкогольді ішімдіктен ұрттап алып, масаң күйде жүру, дәліздерді қоқыспен толтыру және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу да жатады. Егер, заң талаптарына бағынбай, құқықбұзушылыққа жол берсеңіз, айыппұл аздай, сотқа жүгіріп, жүйкеңізді тоздырасыз. Десе де, мақсатымыз жазалау емес, түсіндіру жұмыстарын да жүргізу. Ал, басты міндетіміз — алдын алу дейді полицейлер.
Ердәуіт Ниязов, Шымкент қалалық ІІД ЖПБ басшысының орынбасары: «Көпқабатты үйлерде, түнгі мезігілдерде, аулада отырып, ішімдік ішіп, пісте шағып, қоқыс тастайды. Демалыс күндері мейрам күндері көп кездеседі. Әр жұма сенбі күндері рейд жүреді. Әр учаскелік инспекторлар домкомдармен бірге жұмыс жасайды».
Құзырлы орган өкілдерінің мәліметіне сәйкес, тәртіп бұзушылардың басым бөлігі 16 мен 35 жас аралығындағы жастар екен. Осыған байланысты ата-аналарға балаларының мінез-құлқына назар аудару ұсынылады. Құқық бұзушылықтар жөнінде 102 нөміріне немесе төтенше жағдайлар департаментіне хабарлауға болады. Ал, егер, фото, видео немесе куәгерлердің айғақтары болған жағдайда, шағымды egov.kz порталы арқылы да жолдауға мүмкіндік бар.
Нұргүл Жолымбетова