Шымкентте Santo компаниясының жаңа атауы көпшілікке таныстырылды. Polpharma Santo — бұл ребрендинг халықаралық стандарттарға ұмтылуды, тұрақты дамуды және әлемдік деңгейдегі сапаны көздейді. Компанияның басты жетістіктерінің бірі – өндіріс процесінің ең қатаң талаптарға сай екенін дәлелдейтін Еуропалық Одақтың GMP сертификатын иеленуі.
SANTO компаниясы атауын Polpharma Santo деп өзгертті. Бұл – халықаралық деңгейде танылуға және жаңа стандарттарға ұмтылыстың көрінісі. Жаңа брендті Polpharma тобының иесі әрі директорлар кеңесінің төрағасы Ежи Старак мырза арнайы таныстырды. Биыл кәсіпорын Еуропалық Одақтың беделді GMP сертификатына қол жеткізді. Бұл өндірістің сапасы ең жоғары деңгейде екенін және Еуропалық Одақ фармацевтикалық стандарттарына сай келетінін растайды.
Ежи Старак, Polpharma тобының иесі және директорлар кеңесінің төрағасы: «Біз бұл нәтижеге ұзақ жылдар бойы еңбектеніп қол жеткіздік. Енді мақтанышпен айта аламыз: биыл компания Еуропалық одақтың GMP сертификатын иеленді. Бұл бізге Еуропа мен басқа да елдердің нарығына ең жоғары сападағы өнім ұсынуға мүмкіндік береді».
Еуропалық одақтың GMP сертификаты – халықаралық сенімнің белгісі. Ол Polpharma Santo зауытындағы өндіріс процестерінің қауіпсіздік, тиімділік және тұрақтылықтың ең қатаң талаптарына сай екенін растайды. Кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталған, мұнда білікті мамандар жұмыс істейді. Ал әрбір дәрі-дәрмек Polpharma Santo-ның инновация және сапа орталығында мұқият тексеруден өтеді. Бұл жетістік компанияға жаһандық нарыққа шығуға жол ашып, өңірдегі позициясын нығайтады.
Адам Алексеюк, Polpharma Santo бас директоры: «Елімізде, тіпті Орталық Азияда Еуропалық одақтың GMP сертификаты бар мұндай зауыт жоқ. Бұл біз үшін де, пациенттеріміз үшін де өндірілетін өнімнің сапасына кепілдік береді. Бұл – пациенттерге қамқорлық жасаудағы ең маңызды фактор».
Polpharma Santo технологияға ғана емес, адам капиталына да белсенді түрде инвестиция салады. Компанияның табысы – өндірісті жылдар бойы жетілдіріп, дамытуға күш салған кәсіби команданың еңбегі. Әсіресе жас мамандарға ерекше көңіл бөлінеді.
Атап айтқанда әлеуметтік бастамалар аясында Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының төрт студентіне тегін оқу гранты берілді. Бұл – денсаулық сақтау саласының болашағына инвестиция жасап, еліміздегі мамандар әлеуетін арттыруға бағытталған қадам.
Адам Алексеюк, Polpharma Santo бас директоры: «Polpharma Santo – бұл зауытты соңғы жылдары салып, дамытып келе жатқан адамдардың, яғни біздің командамыздың еңбегі. Біздің командамыздың артықшылығы – медициналық және өндірістік білім мен тәжірибе қатар қамтылған. Біздің ойымызша, жігерлі адамдар, заманауи технологиялар мен жоғары сапа табыстың басты кепілі. Polpharma Santo – осының айқын дәлелі».
Polpharma Santo – Орталық және Шығыс Еуропада, Кавказда және Орталық Азияда жұмыс істейтін халықаралық Polpharma фармацевтикалық тобының бір бөлігі. Polpharma Santo қоржынында 12 терапиялық бағытты қамтитын 280-нен астам дәрі-дәрмек бар. Бұл компанияны өңірдің фармацевтика саласындағы көшбасшылардың біріне айналдырады.
Әсел Мәлік