Прокурор Түркістан облыстық Білім басқармасының экс-басшысын 10 жылға қамауды сұрады

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Түркістан облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы мен Тараз қалалық прокуратурасының прокурорына қатысты іс бойынша жарыссөз басталды. Прокурор соттан білім басқармасының бұрынғы басшысын 10 жылға бас бостандығынан айыруды, ал прокурорды 4 жылға абақтыға жабуды сұрады.

Түркістан облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Ғалымжан Жұмашев пен Тараз қалалық прокуртурасының прокуроры Нұрсұлтан Тілешовтің ісі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатқанына 4 айға жуықтады. Тілешовке Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен, Жұмашевқа дәл осы бапқа қоса «Пара алу», «Пара беру» және «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабымен айып тағылған. Десе де сот тергеуінде Жұмашевқа қатысты «Пара алу» және «Пара беру» бабы дәлелін таппаған.

Мұхтар Арыстанов, прокурор: «Десе де сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде Жұмашев пен Тілешовке тағылған бірнеше эпизод айыбы сот тергеуі кезінде өз дәлелін таппады. Айыпталушы Жұмашов пен Тілешовқа тағылған айып бойынша әр эпизодқа жеке дара қарауыңызды сұраймын».

Прокурордың жарыссөзде айтуынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру құжаттарында 2016 жылдан 2023 жылға дейін Жұмашев жәбірленуші Элмира Дүйсенқызынан жалпы соммасы шамамен 198 миллион теңге және 555 мың доллар пара алды деген күдікке ілінген. Прокурордың сөзінше, бұл ақшаға Шымкенттен жер телімін сатып алып, мектеп соққан. Сөйтіп қылмыстық жолмен алған ақшаны заңдастырған делінген. Дегенмен сот тергеуінде тек 67 миллион теңге бергені дәлелденді. Қалғаны дәлелсіз қалған.

Прокурор соттан дәлелін таппаған сомманы айыптаудан алып, Жұмашевқа 366-баптың 4-бөлігімен тағылған айыпты 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағына қайта ауыстыруды сұрады. Оның пара бергені де сотта дәлелденбеген.

Мұхтар Арыстанов, прокурор: «Жұмашев Ғалымжан Сұлтанбекұлын Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» және «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабымен кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыруды, Шымкент қаласындағы жекеменшік мектеп пен жер телімін, автокөлігін, Астана қаласындағы пәтерін, автотұрақ орнын және 57 миллион теңге шамасында ақшаны мемлекетке қайтаруды, ал жәбірленуші Дүйсенқызына 67 миллион теңге өндіріп беруді сұраймын».

Жұмашевпен бірге «Алаяқтық» бабымен айыпталған Тілешовті прокурор 4 жыл абақтыға жабуды, шенінен айыруды сұрады. Ол жәбірленушінің сеніміне кіріп «оның үстінен қозғалған қылмыстық істі қысқартамын» деп уәде беріп, 10 миллион теңгесін алаяқтық жолмен алған деген күдікке ілінген.

Айта кетейік, жәбірленуші тарап сотта өздерін фото-видеоға түсіруге қарсы болды. Сот істі ақпан айынан бері қарап жатыр.

Дилара Иса