Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
“Ардақты ағайын! Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Барша мұсылман қауым үшін қасиетті саналатын бұл мейрам – имандылық пен ізгіліктің символы. Айт күндері мұқтаж жандарға жақсылық жасап, көмек көрсету – ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан игі дәстүр. Асыл дініміз азаматтарды бір-бірін құрметтеуге, жақындарына жанашыр болуға үндейді. Бауырластық пен сыйластықты дәріптейді. Халқымыздың берекелі бірлігі осындай ізгі құндылықтардың арқасында нығая түседі”, – деді Тоқаев өз сөзінде.
Мемлекет басшысы отандастарға ақжарма тілегін арнады.
“Құрбан айт – ырысты ынтымақтың мерекесі. Біз еліміздегі тұрақтылықтың қадірін біліп, татулықты сақтау арқылы кез-келген сыннан сүрінбей өтіп, биік мақсаттарға жетеміз. Әділетті, таза, қауіпсіз әрі қуатты Қазақстанды бірге құрамыз. Құрбан айт кезінде айтылар дұға-тілектер қабыл болсын! Әр шаңыраққа құт-береке қонсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік”, – делінген жазбада.