Шымкент қаласының әкімі халықпен кездесуді жалғастыруда. Ол бұл жолы Тұран ауданының тұрғындарының талап-тілегін тыңдады. Алайда, уақыт тапшы болуына байланысты, халық микрофонға таласып қалды. Десе де, қала басшысы тыңдаусыз қалған жұртшылықты, жергілікті әкімдіктің мамандарына жолықтырып, мәселесін шешуді тапсырды.
Кезекті кездесуде қала әкімімен бетпе бет тілдескен тұрғындар, талай жылдан бері қордаланған проблемаларымен бөлісті. Яғни, жергілікті әкімдіктің қауқары жетпеген мәселелерін айтып, шешімін табуға көмек сұрады. Олардың бірі, тыныштықты бұзған мопед жүргізушілеріне шағымданса, енді бірі елдің тынышын алып, мезі еткен түнгі клубтың жайын қозғады. Айтуларынша, тұрғындар түнгі ұйқыдан айырылған. Ол аздай, ішімдіктен ұрттап алған азаматтардың ерсі қылықтарына наразы. Әкім бұл мәселенің алдағы уақытта шешілетінін айтып, заң аясында жұмыс жасайтын мамандарға арнайы тапсырма берді.
«Далада жатамыз. Балалар жарысып мопед айдайды».
Сонымен қатар тұрғындар, Ғали Орманов көшесінің тұрғындары көпқабатты тұрғын үйдің жанындағы балабақшаға арызданды. Айтуынша, мектепке дейінгі білім ұясының басшылығы көлік кіретін басты жолдарды қоршап алған. Ал, Көктастың тұрғындары қазылған жолдарға наразылығын білдірді. Сондай-ақ, сапасыз жарыққа шағымданды.
«Бізде мынадай проблема. Үйдің артында балабақша бар. Сол 2015 жылы госакты алып, 40 -шы домға келетін заезді қоршап захват жасап қоршап алды».
«Заңды болса, заңды, заңсыз болса оны анықтайды».
«Свет жағы қиын. Кілең зейнеткерлер тұрамыз. Бамда Көктаста канализацияны қазғанын білесіздер. Сентябрь айында қазды. Бала қайтыс болғанда, бетін жапты. Мен лайға тайып құлдым. Травма болмады».
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Инспекторлар арнайы барып тексерген. Шұңқырларға құм салу керек, тас салу керек. Олардың бәрін орындамапты. Су себебін мәселесінде айтып кеттіңіз. Барынша тезірек бітіруге тырысамыз».
Осылайша Ғабит Сыздықбеков халықтың түйткілді мәселелерін шешуге атсалысты. Кейбірін уақыт еншісіне қалдырып, енді бірін жергілікті әкімдіктің қарауына қалдырды. Сонымен қатар, халықтың алғысына да бөленіп үлгерді.
«Қ. Тоқаев келгенде, сізді алып кетеді ме, деп қорқып кетем».
Бір күнде бірнеше кездесу ұйымдастырған әкім, әр тұрғынның проблемасына ден қойып, талаптарына құлақ асты. Айта кетейік, бұл кездесудің соңы емес. Қала басшысының, үшінші мегаполистің халқымен жүздесуі жалғаса бермек.
Нұргүл Жолымбетова