Қарбыз-қауын сатып алғанда неге мән берген абзал?

Дәл қазір қарбыз-қауынның саудасы қызып тұрған кез. Қарбыз-қауын сатып алғанда неге мән берген абзал? Мамандар қандай кеңес береді? Қандай кезде улану қаупі бар? Келесі материалдан көрейік.

Шымкентте қауын-қарбыз маусымы жаз кірмей жатып-ақ басталған. Қазір нақ сауданың қызып тұрған кезі. Аптап ыстықта әсіресе шөл қандыру үшін қарбызды тұтынушылар көбейетіні бесенеден белгілі. Қарбызды сатып алатын кезде неге мән берген жөн? Қалай таңдаған дұрыс?

«Түріне қарайсың, солмаған болса, балғын болса дейсің ғой. Іші әдемі болсын деп әйтеуір өзіміз әдетте ұрып көреміз ғой. Тырсылдап тұрса жақсы піскен сияқты көреміз».

«Кейде кесіп аламын, кейде кесіп алмаймын.  Сабағына мән беремін ғой мен. Анау сабағы тұр ғой, қашан жұлынғаны, алып келгені белгілі болады сабағынан. Сосын бас жағындағы домалағы ұрғашы, еркегі болып бөлінеді. Екіге бөлінеді. Үлкендеуі тәтті болады».

«Қарбыздың бірінші сапасына, көлеміне қараймын негізі. Негізі алғаш шыққан кезде сатып алған дұрыс деп ойламаймын. Өйткені көбісі дәрімен піседі».

«Дихандар, слитра, милитра дегендерді аямай бере беріңдер осылай. Осы жаққа келіп лақтырамыз».

Мамандар қарбыз-қауын сатып алып, пайдаланғанда абай болған жөн дейді. Мысалы, оны қайдан сатып алудың өзі маңызды.

Әсемгүл Дәулетова,  Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы: «Қазіргі кезде қауын-қарбыз сауда орындарында, базарларда көптен сатылуда. Сондықтан қазір біз санитарлық жұмыстарды кеңінен жүргізудеміз. Не себепті жүргізіп жатырмыз? Өйткені олардың құрамында жақсы өнім алу үшін дихандар міндетті түрде тыңайтқыштарды пайдаланады. Ол өнімде оның қалдығы міндетті түрде қалады. Егер оның мөлшері жоғары болатын болса ол адам ағзасында улану жағдайларын туғызады».

Қарбыз-қауынның пайдасынан бөлек кей жағдайда адам ағзасына зияны да бар екенін ескерген жөн. Мамандар мұндайда сақ болуға шақырады.

Әсемгүл Дәулетова, Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы: «Тұтынушыларға айтатынымыз белгілі орындардан сатып алыңыздар. Белгілі орындарда қауын-қарбыздардың құрамында нитраттардың көлемі көрсетіледі. Егер ол жоғары болатын болса ол сатылымға жіберілмейді. Ал бей-берекет жерлерден алатын болса онда құжаттарды тұтынушылар талап ете алмайды. Өйткені олардың қолында анықтамалар болмайды».

Мамандар қарбыздан уланған жағдайда бас айналып, іш өтуі мүмкін екенін айтады. Ондай кезде бірден дәрігердің көмегіне жүгінуге кеңес береді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биылғы жылы бүгінгі күнге дейін қарбыз-қауыннан уланып, ауруханаға түскен науқас тіркелмеген.

Дилара Иса