Қазіргі таңда педагогикалық қызметті өзінің шығармашылық дамуы мен жетістіктерін қолдану арқылы және озық педагогикалық тәжірибе арқылы жүзеге асыра алатын мұғалімнің қажеттілігі артып отыр. XXI ғасыр заман талабы бойынша мұғалімнен жүйелі креативті ойлау, ақпараттық және коммуникативтік мәдениет, бәсекеге қабілеттілік, көшбасшылық қасиеттері, оң имидж қалыптастыру қабілеті, белгісіздік жағдайында тәуелсіз әрекет ету және күйзеліске қарсы дағдыларын меңгеру сияқты кәсіби қабілеттер талап етіледі.
Осы орайда Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында педагог кәсбінің беделін арттыру, кәсіби біліктілігін арттыру бағытында біраз жұмыстар жасалып келеді. Қазығұрт ауданы білім бөліміне қарасты «Шарбұлақ» жалпы білім беретін мектебінде өткен «Үздік жас мамандар сайысы – 2025» атты байқау соның бір айғағы.
Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, шығармашылығын шыңдау және ынталандыру мақсатында өткен байқауға мектепте жұмыс істеп жатқан 5 жылға дейінгі еңбек өтілі бар жас мұғалімдер қатысты. Сайыста 4 кезең болды:
«Мен – жас маман»– өзін-өзі таныстыру. Бұл кезеңде қатысушылар қысқаша өмірбаянын, мамандығын таңдаудағы мотивациясын және педагогикалық ұстанымын таныстырды.
«Педагогикалық шеберлік»– қатысушы таңдаған пәні бойынша қысқаша сабақ үлгісін көрсетті (презентация, бейнесабақ, әдістемелік тәсілдер қолдану арқылы).
«Жағдаяттан жол табу»– мұғалімдерге түрлі педагогикалық немесе тәрбиеге қатысты жағдаяттық тапсырмалар беріліп, оны шешу жолдары тыңдалды. Бұл кезеңде ұстаздың шешендігі мен психологиялық дайындығы бағаланды.
«Өнерлі ұстаз»– жас мамандар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті (ән, күй, өлең оқу, қолданбалы өнер, т.б.).
Сайыс әділқазылар алқасының бағалауымен қорытындыланды. Үздік шыққан қатысушыларға арнайы дипломдар мен алғыс хаттар табысталды.
Қалай алғанда да, елі¬міз¬дің мұғалімдері кез келген қиын¬дыққа төтеп бере алатын заманауи технологиямен қаруланған, бала қажетін қанағаттандыра алат¬ын болуға тиіс. Аталмыш сайыс осы бағытта өз септігін тигізгені сөзсіз.