Халқымыз әр ғасырда-ақ ел даналары мен замана тұлғаларының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған ұлағатты және тәрбиесі мол өнегелі сөздерін кітаптан алған. Кітаптың – рухани қазына аталуы да сондықтан.
Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» – деуі осыдан. Әлбетте, кітапты таңдай білу, оны зейінді зеректікпен мұқият талдап оқи білу, ондағы сөздің, ойдың, түйінді тұжырымының құдіретін түсіну мен түйсіну, алған әсерлерді кейін өмірлік қажетіңе жарата білу. Бұл – әрбір адамның білігі мен білім деңгейін, пайымы мен парасатын, көреген кемел кісілігін ұдайы шынықтыра білудің озық та ұтқыр жолдарын айқындай алатын алғы шарттарының бірі.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн» деген болатын.
Осы орайда еліміздегі кітап нарығы тағы бір жаңа кітаппен толықты.
Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында ұлағатты ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері Салдарбек Көлібайұлының «Ертедегі Шығыс және Орта Азия ғалымдары мен ғұламалары» атты жаңа еңбегінің тұсаукесер рәсімі өтті.
Атаулы шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысып, кітаптың құндылығын атап өтті. «Бұл кітап — Салдарбек Көлібайұлының сан жылдық зерттеу еңбегінің жемісі. Шығыстың данагөй ғалымдары мен ғұламаларының өмір жолы, еңбектері, ғылым мен мәдениетке қосқан үлестері бүгінгі жас ұрпақ үшін тағылым мен тәрбие көзі болары анық. Мұндай еңбектер рухани құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттық санамызды биіктете түседі. Салдарбек ағамызға шығармашылық табыс тілеймін!»-деді.
Айта кетейік, сиясы кеппеген еңбекте Ертедегі Шығыс пен Орта Азияда өмір сүрген ұлы ойшылдардың өмірбаяны, ғылымға қосқан үлестері мен өркениетке қалдырған мұрасы кеңінен баяндалған. Бұл еңбек — тарих пен ғылымды ұштастыра отырып, жас ұрпақты ұлы мұраны құрметтеуге баулитын құнды туынды.
Шара барысында зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар да өз жылы лебіздерін білдіріп, еңбектің маңыздылығын ерекше атап өтті.