Қазығұрттық оқушылардың талабы бөлек, талпынысы жақсы. Олар білімсіз болашақтың бұлдыр болатынын жақсы түсінеді, білмекке талпынады. Бүгінде аудан оқушылары түрлі пәндәі олимпиадалар мен жарыстарда топ жарып, білім биігінен көрініп жүр. Жуырда тағы біраз бөлігі үздіктер қатарынан көрінді.
2025 жылдың 13–20 маусым аралығында Алматы қаласында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «IQanat» республикалық олимпиадасының шешуші кезеңі өтті. Аталмыш білім жарысының нәтижесі бойынша Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданы 14 аудан ішінде 4 орын иеленді. Республикалық нәтиже бойынша 2 грант, 2 жартылай грант жеңіп алды. Оза шапқандар: Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушылары Орынбасар Айым — арнайы грант, Орынбасар Гүлім -грант;
Қақпақ жалпы білім беретін мектеп оқушысы Жайқарбай Аяулым және «Қарабастау» жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Оңдасынұлы Дархан — жартылай грант иегері атанды.
Жыл сайын еліміз бойынша 50 мыңға жуық 8-сынып оқушысын қамтитын бұл білім додасы – республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының ресми тізіміне енгізілген маңызды білім бәйгесі.
IQanat олимпиадасының ерекшелігі сол, академиялық жетістігі мен мектептегі бағасына қарамастан, әрбір баланың жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. Дәстүрлі тестілеулерден айырмашылығы – IQanat тапсырмалары оқушының логикалық және математикалық ойлау, оқу сауаттылығы және қазақ тілін меңгеруі секілді қабілеттерін бағалау.
IQanat бағдарламасы түлектерінің (Alumni) саны бүгінде 2 200-ден астам. Олар – жобаның мақтаныштары әрі қозғаушы күші. Олимпиада, негізінен, дәл осы түлектердің күшімен өтіп жатыр. Бүгінде студент атанған олардың бәрі де бірнеше жыл бұрын осы жолды жүріп өткен, тестілеудің қыр-сырын егжей-тегжей біледі. Олар ұйымдастыру жұмыстарының барлық сатысында көмектесіп жатыр: мектептерді аралап, өзге балаларға бағдарлама ережесін түсіндіреді, тіпті өздері де тест қабылдайды. IQanat Alumni қоғамдастығын белсенді дамытуда – түлектердің қатысуымен тұрақты кездесулер мен белсенді шаралар өткізіледі. Одан бөлек, осы түлектердің бір бөлігі IQanat қамқорына алған мектеп оқушыларына ментор болып жатыр.
2017 жылы іргесі қаланған уақыттан бері олимпиада 240 мыңнан астам ауыл баласын қамтыды. Жыл сайын жобаға ҚР Оқу-ағарту министрлігі қолдау көрсетеді.
Еске салайық, IQanat – қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуметтік білім беру жобасы, ол ауыл балаларына кең мүмкіндіктер ұсынып, олардың өмірін түбегейлі өзгертеді.