Қала басшысының тұрғындармен кездесуі Қаратөбе тұрғын алабында жалғасты. Жиын барысында жергілікті ақсақалдар ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтерді. Олар шағынаудандағы жолдың нашар күйі, көше жарығының жеткіліксіздігі және мәдениет үйінің жай-күйі секілді түйткілдерге ерекше назар аударды.
Қала басшысының тұрғындармен кездесуі Қаратөбе тұрғын алабында жалғасты. Мұнда аймақ мәселесін жергілікті ақсақалдар көтерді. Олар шағынаудандағы түйткілді жан-жақты саралап, нақты жеткізуге тырысты. Ақсақалдардың айтуынша, басты проблема — жолдардың жай-күйі, көше жарығының жеткіліксіздігі және мәдениет үйінің жоқтығы.
Сейдулла Ибишов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мәдениет үйінің орны бар. Сайрамның кезінде ескі клуб еді. Мәдениет басқармасына қарайды. Бұзылған сол күйі, тікен басып тұр. Тазалықшылар тазалап қояды. Бірнеше рет айтқан едік мәдениет басқармасына кішігірім мәдениет үйін салып берсінші деп. Жылда жсопарда бар деп отпискамен қалып жатыр жылда. Одан кейін балаларымызға ойын алаңшасы жоқ. Көшелерде жолдар бар ашық. Сол жерлерге қарастырылса».
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Проектісі жасалып жатыр екен. Стандартты қылып жасау керек. Қайнарбұлақтағыдай. Балалар алаңшасы дегенді Досболмен бірге әкімдеріңізбен қарайсыздар. Осы жылы үлгерсеңдер осы жылға
– Жоқ үлгермейміз.
- Үлгермесеңдер келесі жылға қосыңдар»
Көше төрайымы қоғамдық көлік тапшылығына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, автобустар тұрғын алаптың тек бір ғана көшесімен қатынайды. Оның үстіне, көлік бағытының жүру қашықтығы да тым қысқа. Осыған байланысты тұрғындар үшін қаланың орталығына қатынау өзекті мәселеге айналып отыр.
Зәуреш Әйтекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Автобус мәселесі қиындау. Қапал батырдан ғана автобус жүреді. Ол Ордабасыдан аяқтайды. Жолдан 2 газель, 2 автобус жүреді. Қаланың орталығына дейін созып берсе екен. Тұрғындар Бадамның үстіне дейін бардық. Таңертең 7-ден бастап 15 жастағы студенттер кетеді. Сол жағы қиын болып тұр. 143 пен 144 жүріп жатыр ғой. Біреуін ішке кіргізсе деген ойдамыз»
- Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Қазір қарастырамыз. Жол тар болса, үлкен автобус сыймайтын болса, газель бар. Қарастырып көріңдер. Апайдың номерін алып жеке жауап беріңдер — жарайды»
Ал Еламан шағынауданында жиналған жұрт көшенің тарлығына шағымданды. Олардың сөзінше, бұл жағдай қоғамдық көліктердің еркін қозғалысына кедергі келтіріп отыр. Осыған байланысты тұрғындар мәселені дер кезінде шешуді сұрайды.
Жергілікті белсенді Кәлима Бөрікбаева бір емес, бірнеше мәселені көтерді. Оның айтуынша, шағынаудандағы трансформаторлардың айналасы қоршалмаған, ал электр желілерін ұстап тұрған бағандар әбден тозған. Сонымен қатар, жол жиегіне жарық шамдары орнатылмаған. Осы себепті кешкі уақытта балалар мектептен үйге өздері қайтуға қорқады дейді тұрғын.
Кездесу барысында шағынауданның инфрақұрылымдық түйткілдерінен бөлек, тұрғындардың жеке мәселелері де көтерілді. Мамандар сол сәтте кейбір проблемалардың шешу жолдарын ұсынды. Ал жергілікті ақсақалдар елдің мұң-мұқтажына құлақ түріп, ашық диалог жүргізген әкімдік өкілдеріне ризашылық білдіріп, баталарын берді.
Әсел Мәлік