ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті электронды тұтыну жүйелерінің (вейптердің), хош иістендіргіш пен оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.
Қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында вейптерді сату «Telegram» мессенджеріндегі онлайн-дүкендер арқылы жүргізілген, ал өнім курьерлік қызмет арқылы жеткізілген.
Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру үшін дропперлердің — яғни жалған тұлғалардың атына рәсімделген банк карталарын пайдаланған. Осы карталар арқылы ірі көлемдегі қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, олардың заңсыз шығу тегі жасырылған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тауар сақтайтын қоймалар мен сату орындары анықталды. Құны 1,6 млрд теңгеден асатын 155 мыңнан астам вейп пен олардың бөлшектері тәркіленді.
Мүлікті тәркілеу мақсатында жалпы құны 37 миллион теңге болатын үш автокөлікке (Chevrolet Camaro, Toyota Land Cruiser және Toyota Highlander) тыйым салынды.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы қамауға алынды.
Вейптердің кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен студенттер арасында кеңінен таралуы алаңдаушылық туғызады. Бұл олардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді, себебі вейп құрамындағы заттар жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесіне кері әсер етіп, инсульт, инфаркт және басқа да аурулардың пайда болу қаупін арттырады. Тергеу жалғасуда. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.