Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған іссапары табысты келіссөздермен жалғасты. Сапар барысында 20-ға жуық жаңа инвестициялық жоба бойынша нақты уағдаластықтар жасалды. Аймақ делегациясы Шаньдун провинциясының Циндао қаласында ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, логистика және туризм бағыттарында жұмыс істейтін жетекші қытайлық компаниялармен кездесті.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Қытайға жұмыс сапарымен барып, 20-ға жуық жаңа инвестициялық жоба бойынша келіссөздер жүргізді. Шаньдун провинциясының Циндао қаласында өткен кездесулерде ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, логистика мен туризм салаларына қатысты нақты жобалар талқыланып, делегация бірнеше ірі өндірістік кәсіпорынды аралады.
Нұржан Омаров, кәсіпкер: «Түркістан облысының кәсіпкерлерімен Қытайға сапарға барып келдік. Ол жерде көп нарсе үйреніп қайттық. Еліміздің диқандарын дамыту мақсатында солардың практикасын көріп келіп жатырмыз. Біз чеснок деп қоя саламыз, сол чесноктан 3000-ға жуық продукция шығады екен. Одан кейін жержаңғақ. Бізде өндіріліп жатқан жоқ. Жержаңғақ болсын, чеснок болсын қанша жылдап сақталатын өнім»
Қытайлық кәсіпорындар Түркістан облысына зор қызығушылық танытып отыр. Олар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін айтты. Бұл өңірдің экономикалық әлеуетіне жоғары баға беріліп отырғанын көрсетеді. Аталған сапар тек экономикалық емес, сондай-ақ технологиялық әріптестікті дамыту, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және өңірдің халықаралық нарықтарға шығуына ықпал ету тұрғысынан да маңызды қадам болды.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Бұл сапардың негізгі мақсаты – осы міндеттерді нақты жобалармен жүзеге асыру. Түркістан – тек тарихи және рухани орталық қана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі аграрлық, индустриялық және қаржылық серіктестікке ашық. Бүгінгі келіссөздер ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен инвестициялық серіктестік бағытында маңызды нәтижелерге жол ашады деп сенеміз».
Айта кетсек, Қытайдың Шаньдун провинциясындағы Циндао қаласы – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ең ірі өнеркәсіптік, сауда-логистикалық және агроөнеркәсіптік орталықтардың бірі. Бұл қала Қытайдың ашық экономикалық аймақтарының алғашқы легінде дамыған, бүгінде халықаралық бизнес пен технологиялық инновациялардың жаңа хабына айналған.
Лаура Бабас