Шардара: Ақын Пердеш Есенбеков аудандық кітап қорына 100 кітапты сыйлады

фото ШАӘБҚ

Кітап – адамзаттың сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, рухани мәйегі. Ақпараттар тасқыны орын алған аласапыран заманда жақсы кітаптың құндылығы одан сайын артса керек. Кітап оқу – уақыт барысында қалыптасатын мәдениет саласы.

Кезінде кітапты тек ел иесі сұлтандарға, хандар мен патшаларға ғана тарту ету – ежелден бері қалыптасқан үрдіс болса, бұл күндері патша көңіл халқымыз өзінің сыйлайтын жақынына кітап сыйлауды әдетке айналдырған. Себебі кітап оқыған елдің ертеңі еңселі, келешегі кемел болатынын білген.

Түркістан облысына қарасты Шардара ауданы әкімі Арман Қарсыбаев ақын, мемлекеттік қызмет ардагері, Мақтарал және Жетісай аудандарының «Құрметті азаматы», ҚР Журналистер Одағының мүшесі Пердеш Есенбековты қабылдады. Ақын, алдымен Арман Романұлын Шардара ауданының 60 жылдығымен құттықтап, ертеректе ауданға жұмыс бабымен келген кездеріндегі естеліктерімен бөлісіп, әкімге өзінің кітабын тарту етті. Сонымен қатар, Арман Романұлының бастамасымен бастау алған «60 жылдыққа 60 кітап» акциясын қолдайтынын айтып, аудандық кітапхана қорына өз атынан 70 дана кітап сыйға тартты.
Өз кезегінде ардагер мемлекеттік қызмет пен ақындық жолындағы жүріп өткен жолдарына шолу жасап, аудан әкімі Арман Романұлын Шардара қол күресінің негізін қалағандай, ауданның әл-ауқатының артып, дамуына күш жұмсай беруіне тілектес екенін жеткізді.
Аудан басшысы меретоймен құттықтап, кітапхана қорына кітаптар тарту еткен ақын, ардагер Пердеш Есенбекке алғыс айтып, ыстық лебізін білдірді.
Еске сала кетсек, өткен 2024 жылы аудандық кітапхананың кітап қорына 1500 жуық кітап берілген болса, осы игі бастама жалғасын тауып, жыл соңына дейін кітап- қазынамыз молаяды деген сенім мол. Кітап адамды тәрбиелесе, кітапхана адамзатты тәрбиелейді.
Кездесуден соң Пердеш Есенбекұлы өзі оқыған Шардара мектебіне барып, білім ошағы ұжымымен кездесті. Мектеп кітапханасына тағы 30 кітап тарту етіп, «Болашақ» аллеясына ағаш отырғызды.