Үлкенін қадірлеп, ұлыларын ұлықтау қазақ болмысында бар дүние. Үлкенін құрметтеген елдің еңсесі биік, керегесі кең болары хақ. Шардаралықтар еңбектеген баладан, еңкейген қар-тына дейін ұлықтауды ұлы дәстүрге айналдырып, өскелең буынға ұлағат етіп келеді.
Түркістан облысына қарасты Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ұзақ жылдар бойы өзіндік үлесін қосқан ардақты азамат – Әліпов Бақтыбай Қиянбекұлын арнайы қабылдап, кездесті.
Бақтыбай Қиянбекұлы 20 жылға жуық уақыт бойы Шардарада идеология саласында абыройлы қызмет атқарып, аудандық ауыл шаруашылығы және ішкі саясат бөлімдерінің басшысы, сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары лауазымдарында еңбек еткен. Ол өз жұмысында жоғары жауапкершілік пен кәсіби біліктілік танытып, ауданымыздың дамуына, тұрақтылығына және қоғамдық келісімді нығайтуға елеулі үлес қосты. 2018 жылға дейін Шардарада абыройлы қызмет атқарған Б.Әліпов соңғы уақытта «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында жауапты қызмет атқарып, таяуда құрметті зейнет демалысына шықты.
Зейнеткерлік жасқа толуына орай ұйымдастырылған кездесуде аудан әкімі Арман Қарсыбаев Бақтыбай Қиянбекұлына атқарған жемісті еңбегі үшін шынайы алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында жылы лебіздер айтылып, ардагерге алдағы өмір жолына ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық пен отбасылық амандық тіледі.
Осындай елге еңбегі сіңген азаматтардың өмір жолы өскелең ұрпақ үшін үлгі. Аудан әкімдігі тарапынан Бақтыбай Қиянбекұлына зор алғыс айтылып, бейнетінің зейнетін көруіне тілектестік білдірілді.
Осы күні Бақтыбай Қиянбекұлы аудандық кітапханаға арнайы соғып, ауданымыздың 60 жылдығына орай аудан әкімінің бастамасымен өтіп жатқан «60 жылдыққа – 60 кітап» акциясын қолдайтынын айтып, аудандық кітапхана қорына өз атынан 100 дана кітап сыйға тартты.
Өз кезегінде ардагер мемлекеттік қызмет жолындағы жүріп өткен жолдарына шолу жасап, бүгінгі таңда ауданның әл-ауқатының артып, дамып келе жатқандығын атап өтті. Іс-шарада болған аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков пен кітапхана қызметкерлері кітапхана қорына кітаптар тарту еткен Бақтыбай Қиянбекұлына алғыс айтып, ыстық лебіздерін білдірді. Еске салсақ, жуырда аудан басшысы «60 жылдыққа – 60 кітап» акциясын жариялаған еді.
«Шағаласы шалқыған шежірелі өлкеміздің құрылғанына 60 жыл толуына орай, ауданмен бірге құрылған аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен, аудан тұрғындарының рухани дамуына үлесімді қосу мақсатында «Алтын қорға үлес қос» жобасының аясында «60 жылдыққа – 60 кітап» акциясын бастадым. Өткен 2024 жылы аудандық кітапхананың кітап қорына 1500-ге жуық кітап берілген болса, осы игі бастама жалғасын тауып, жыл соңына дейін кітап-қазынамыз молаяды деген сенімдемін. Кітап – адамды тәрбиелесе, кітапхана – адамзатты тәрбиелейді. Биылғы жоспарлап отырған ауданымыздың 60 жылдық мерейтойы баршаңызға құтты болсын!» – деді аудан әкімі.