Сылаң қаққан Сырдың бойы мен Қызыр аралаған Қызылдың құмында орналасқан Шардара өңірі тарихы мен мәдениеті, өркниеті мен дамуы қатар ұштасқан киелі де шежірелі мекен саналады. Аудан орталығы – Шардара қаласының атауының өзі ғалымдардың пайымдауынша парсы тілинен аударғанда «төрт қақпа» деген ұғымды білдіреді екен. Яғни, ертеде бұл жер тоғыз жолдың торабы, керуен жолдарының түйіскен жері болған.
Түркістан облысына қарасты Шардара ауданы туралы сөз қозғағанда аймақтың рухани-мәдени өміріне ерекше тоқталып өтпеске болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дәріптеп, айрықша махаббатпен көңіл бөлу, оның атын шығарып, ол үшін тер төгу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл ретте шағалалы өңірдің атын облыс пен республика көлеміне танытып жүрген мәдениет және спорт саласының майталмандары аз емес.
Ауданда руханият, мәдениет саласын дамыту бағытында жүзеге асып жатқан жобалар мен іс-шаралар аз емес.
Шардара аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен аудан әкімінің кубогіне арналған «Шардара ауданының тарихы мен бүгінгі күні» атты жайдарман ойыны өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Туребеков қатысып, қатысушы командаларға сәттілік тілеп, жастарды қолдайтынын білдірді.
Жас таланттарды таныту, жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау және елімізде бәсекеге қабілетті мәдени буын қалыптастыруға үлес қосу, рухани құндылықтарды дамытуға көңіл аудару мақсатында ұйымдастырылған сайысқа мектеп жастарынан құралған 6 команда қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Ойын соңында қазылар алқасы әрбір команданың өнерін сараптап, таңдаған тақырыптары мен әзілдерінің мазмұны, оны көрерменге жеткізе білу ерекшеліктерін жан-жақты талқылап, командалардың ерекше тұстарын атап өтті.
Достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бұл өнер додасында І орынды «Ibilim high school» командасы, II орыннан М.Горький жббм «Шардара жастары» командасы көрініп, Қоссейіт жббм «Ханшайымдар» командасы III орынды місе тұтты. Тартысты доданың қатысушы командаларына аудан әкімінің алғыс хаты мен сыйлықтары табысталды.