Әке — тұлға, рухты ұрпақтың тірегі. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген даналық сөз бар. Әкенің балаға қалдырар үлкен мұрасы — жақсы тәрбиесі. Ал дұрыс тәрбие алған бала қоғамға пайдасын тигізер азамат болып өсетіні сөзсіз.
15 маусым – Әкелер күніне орай еліміздің ардагерлер, білім беру, мәдениет тағы басқа ұйымдарында балаларды тәрбиелеу бағытында мазмұнды іс-шаралар өтуде. Осыған орай, Түркістан облысына қарасты Шардара аудандық ардагерлер үйінде «15 маусым – Әкелер күні» тақырыбында ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісі ұйымдастырылды. Жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Әкелер мектебінің» өкілдері, бастауыш ұйымдар төрағалары, аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, «Жастар ресурстық орталығының» мүшелері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – ұрпақ тәрбиесінде әкенің орны мен жауапкершілігіне назар аудару. Жастардың әкеге деген сүйіспеншілігін арттыру, оларды үлкенді құрметтеуге баулу. Бала мен әкенің арасындағы ыстық байланыс туралы айту және осы бағыттағы жаңа міндеттерді саралау, бала тәрбиесіндегі әке рөлін күшейтіп, отбасы құндылықтары мен дәстүрлерін сақтау.
Шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібеков Тоқсанбай ашып, алқа мәжілісінің маңыздылығына тоқталды. Аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков өз сөзінде, облыс орталығы Түркістандағы «Достық» үйінде кеше ғана «Әкелер күні» аталып өткенін, оған облыс әкімінің орынбасары, бүкіл аудандардың әкімдерінің орынбасарлары, белгілі қоғам қайраткерлері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қатысып, жиында әкенің бала тәрбиесіндегі маңызы туралы айтылған ойлармен бөлісіп, бала тәрбиесіндегі әке рөлінің маңызды екеніне өз пікірін де қосты. Салада олқылықтар бар екенін, әсіресе мектептердегі ата-аналар жиналысына, мұғалімдердің айтуынша, көбінесе әкелері бармайтынын, орнына анасын, әжесін немесе әпкесін жібере салатынын сынға алды. Бұл – тәрбиедегі маңызды мәселе екенін атап өтті. «Қоғамда белең алып бара жатқан әскери борышын өтеуден жалтару да тәрбиедегі жіберіп алған олқылықтарымыздан» деді.
Аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Нұрғали Ыбырайым:
— Қазақта «Бабалары еккен шынарды, балалары паналайды» дегендей, біздерге өткен ұрпақтан жақсы тәрбие қалды, енді біз қандай тәртіпке, мінезге, қасиетке тәрбиелесек ұрпағымызға сол қалады,- дей келе, жиынға өзінің балаларға арнап жазған өлеңінің бір-екі шумағын оқып берді.
Жиын осы тақырыпта және де бірнеше ардагерлердің баяндауымен өрбіді.
Мерекелік жиын барысында ардагер әжелер – Анар Мошқалова мен Есенкүл Нұртаева көпшілікті мерекемен құттықтап, ақ тілектерін білдірді. Сонымен қатар, бірқатар ардагерлер облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың атынан «Жастарға патриоттық, адамгершілік тәрбие бергені және «Әкелер мектебі» жобасына белсенді қатысқаны үшін» Алғыс хаттармен марапатталды.
Жиын соңында ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков «Ұлттық құрылтай» шеңберінде алға қойылып отырған жаңа міндеттерге тоқталып, алдағы жоспарларды ортаға салды, әр түрлі мәселелер қаралды.