Шардара: Дәстүр дәріптеліп, ұлттық құндылықтар ұлықталды

фото ШАӘБҚ

Шағылды құмы мен толқынды суы әдемі үйлесім құрайтын, табиғаты талайларды тамсандырған, көк айдыны көпшілікке ән салдырған, сұлулығы мен көркем келбеті ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болған шағалалы өңір Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толды. Шардаралықтар осынау мерекені сән-салтанатымен атап өтті. Мерекелік тойлау барысында ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүрімізден әдемі көрінстер көрсетілді.

Түркістан облысына қарасты Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев бастаған топ Абай алаңындағы «Шежіре» ауылын және ретрокөліктер мен тарихи жәдігер бұйымдар көрмесін тамашалап, ауыл шаруашылығы саласында лизинг бойынша алынған жаңа техникалардың көрмесін аралады.
Мерекелік жиынға аудан, қалалардан жиналып, бірдей ұлттық үлгіде киінген 60 келін мерекеге келген ел ағаларына бірдей иіліп сәлем салып, ізет көрсетті. Сонымен бірге «Қасиет» орталығының ақ жаулықты әжелер қауымы 60 құрақ көрпе тігіп, қолөнерлері мен мерейтойға арнайы жасаған таба нандары көпке үлгі бола білді.
Мерекелік жиын Абай алаңында жалғасып, мектеп оқушылары флешмоб ұйымдастырса, аудандық мәдениет сарайында Шардара тарихынан сыр шертетін ретро көрмелер қойылды. Ретро үлгідегі көліктерден бөлек, ретро дүкен, бөлме, мектеп үстелдері мен тарихи бұйымдар көреремен назарына ұсынылды. Бүгінгі таңда Шардара ауданының бренды саналатын Шардара СЭС-ның, «Хамит» АӨК балық зауыты мен «Шардара Армспорт» клубының көрмесі ұйымдастырылды.
Аудан әкімі баршаны айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
— Шардара ауданы өзінің 60 жылдық тарихында талай белестерді артқа қалдырып, бүгінгі таңда қарқынды дамып келе жатқан аудандардың қатарында. Ауданымыздың бет-бейнесі күннен-күнге өзгеріп келеді. Қала мен ауылдық округтерде жаңа тұрғын үйлер, көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеруде, көшелер мен саябақтар абаттандырылуда. Кең көлемде аталып отырған іс-шараның мақсаты – келешек ұрпаққа тарихи жәдігерлерімізді насихаттап, туған жерін, туған елін сүюге, дәріптеуге шақыру. Жастардың жарқын болашағы, елдің бақытты ертеңі үшін жастық жалынын, ерік-жігерін аямай қызмет еткен ардагер ағалардың ерен еңбегін келер ұрпақ ұмытпақ емес,-деді Арман Қарсыбаев.
Құттықтау сөзден соң «Шардара: 60 жыл-60 белес» мерейтойлық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа кітаптың салтанатты түрде лентасы қиылып, туынды авторы Сабит Лаханов келген қонақтарға кітаптың шығуымен таныстырды.
Ауданның өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосқан еңбек ардагерлері мен еңбек сіңіріп жүрген бірқатар тұлғалар да назардан тыс қалған жоқ, олардың да қызметі еленіп, мерекелік «Шардара ауданына 60 жыл» төсбелгісімен марапаттады.
«Алты алаш» алаңында кешкі «Шаттыққа бөленген-Шардара» гала-концерті өтті. Мерекелік кеште ел қайраткерлері «МузАрт» тобы әуезді ән шырқап, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Сондай-ақ, Мөлдір Бақытжанқызы, Асқар Жайлаубаев, Азамат Қалыбаев, Бақберген Омаров, Айзада Асылхан, Ахмет Молдағұлов, Ербол Таңжар және өзге де ауданның өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, алаң қызылды-жасылды отшашулармен көмкерілді.