Шардара: «Отан-отбасынан басталады» атты облыстық толағай сайыс өтті

фото ШАӘБҚ

Қоғамның негізі – отбасы. Бұл ұғым адамзат өркениетімен бірге жасап келе жатқан аса маңызды рухани және әлеуметтік институт. Қазақ халқы үшін отбасы – тек тұрмыстық орта ғана емес, тұтас бір тәрбие мектебі, мәдениет пен адамгершілік бастауы.

Ұлттық болмыс, оны дәріптеу отбасынан, ошақ қасынан басталады. Отбасы – тәрбиенің тамаша мектебі. Үлкенді сыйлауға, ана тілін ардақтауға, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелесек, ұшқанда да соны іліп, жүрген жерімізде сол құндылықтарды дәріптейміз. Расында, ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие – патриотизмнің бастауы екенін хақ. Баланы бесіктен тәрбиелеу – ұлттық ұғым кепілі.

Түркістан облысында отбасылық құндылықтардың кең ауқымда дәріптелуіне барлық жағдай жасалып жатыр. Шардарада өткен «Отан-отбасынан басталады» атты облыстық толағай сайыс соның айқын бір дәлелі бола алады.

Шардарада «Отан-отбасынан басталады» атты облыстық толағай сайыс өтті. Жастарға берері мол сайысты аудандық “Жастар ресурстық орталығы” Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырған.

Іс-шараның басты мақсаты — отбасылық құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына сіңіре отырып, салауатты өмір салтын насихаттау.

Алғашқы сөзді алған Шардара аудан әкімінің орынбасары Туребеков Бейсенбай Тасболатұлы және Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының “Жастар ресурстық орталығының” басшысы Бектаев Ернар Нұралыұлы барша қонақтарды Шардара ауданының 60 жылдық мерекесімен құттықтап, сайысқа қатысатын отбасыларға сәттілік тіледі.

Сайысқа аудандардан келген он жас отбасы қатысып, өзара бақ сынады. Отбасылық сайыс бес кезеңнен тұрды. Қатысушылар спорттық және зияткерлік ойындар арқылы, одан соң командалық сайыста тартысты ойын көрсетті.
Сайыс қорытындысына сәйкес 1-орынды Бәйдібек ауданынан келген Эшмурзаевтар отбасы, 2-орынды Төлеби ауданынан келген Абетаевтар отбасы, 3-орынды Шардара ауданы атынан қатысқан Истургановтар отбасы иеленсе, басқа қатысушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қазіргі қазақ қоғамында отбасы ұрпақ жалғастығын байланыстырушы һәм рухани байлығымыз бен мәдени мұрамызды бүгінгі буынға аманаттайтын алтын көпір болып табылады. Аталмыш сайыста барлвқ команды жоғары белсенділік танытты және ұйымдастырушылардың сөзінше, жыл сайын қатысушылар қатары артып келеді. Соған қарағанда, байқау өз мақсатына жетті деуге негіз бар.