Патриотизм — қазақстандықтардың ең маңызды құндылықтарының бірі. Өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу — елдің болашақтағы тұрақты дамуының кепілі. Патриотизмнің рухани жағына келер болсақ, өз халқыңның тарихын және оның жас ұрпаққа үлгі етер жақтарын білу, халқыңның біртуар ұлдары мен қыздарын мақтаныш ету, олардың ерлігі мен жетістіктерін әлемге паш ету қазіргі әлемдік бәсекелестік жағдайында патриотизмге тәрбиелеудің маңызды элементі екеніне шүбә жоқ.
Түркістан облысына қарасты Шардара халқы өзінің әрбір жас азаматымен мақтанады және олардың ерлігін паш етуден жалықпайды. Шардара аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ерекше тәрбилік кездесу өтті. Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келген Алатау батыр ауылдық округінің жас сарбаздары – Арап Демеу Досболұлы мен Жаңбырбай Сержан Амандықұлы ауыл жастарымен кездесіп, өздерінің әскердегі күндерінен біраз сыр шертті.
Атап айтқанда, сарбаздар әскердегі өмір салты, әскери тәртіп, жауапкершілік және елге қызмет етудің маңызы жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар әскери қызметтің тек қана физикалық дайындық емес, сонымен қатар рухани шыңдалу мектебі екендігін ерекше атап өтті.Жастар кездесуде еркін пікір алмасып, сарбаздарға өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Кездесу достық әрі ашық форматта өтті. Қатысушылар жас сарбаздардың батылдығы мен отаншылдық қасиеттерінен үлкен әсер алды.
Бұл шара – жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған маңызды тәрбиелік басқосулардың бірі болды. Ерлік пен елге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін мұндай кездесулер жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, елге деген құрметін күшейтетіні сөзсіз.