Қай заманда болмасын, сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірден-бір жолы адамның рухани байлығын арттыру. Адамзат баласы үшін, әсіресе қазіргі кезеңде рухани құндылықтардың маңызы өте зор. Технологияның тез өсіп, ақпараттың жедел таралуы және жаһанданудың әсері күнделікті өміріне үлкен өзгерістер әкелуде. Дегенмен, осы өзгерістермен қатар, адамгершілік, мәдениет және этика сияқты рухани құндылықтар да өз маңыздылығын жоғалтпауы тиіс.
Ұлттық құндылықтар – ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары болып саналады. Ежелден бізге жеткен халықтың қазынасы – тілі, діні, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы.
Рухани құндылықтар дегеніміз — бұл адамгершілік, әділдік, мейірімділік, сыйластық секілді ұғымдарды білдіреді. Сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен адамдар арасындағы үйлесімділік, жан дүниесінің байлығы. Бүгіндері біраз жандар технология мен материалдық байлыққа көп көңіл бөліп, ал рухани құндылықтарды елеп-ескере бермейді. Өмірдің мәні мен қызығы осы деп есептейді. Алайда рухани құндылықтарсыз қоғам дамымайды және алға баспайды.
Рухани құндылықты жастар бойында дамытуды ұран еткен шардаралықтар Ұзыната кесенесіне ерікті жастардың танымдық экскурсиясын ұйымдастырды. Түркістан облысына қарасты Шардара ауданында жастардың тарихи танымын арттыру, рухани құндылықтарды бойына сіңіруді мақсат тұтқан іс-шара жастардың көңілінен шыққаны айқын.
⠀Танымдық шара барысында қатысушылар қасиетті орынның тарихымен танысып, рухани-мәдени құндылықтарға терең үңіле түсті. Жастар кесене аумағын аралап, өлкеміздің бай тарихына қатысты мағлұматтар алып, киелі орындардың қоғамдағы маңызын ұғынды. Бұл шара жас буынның туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық рух пен патриоттық сезімге тәрбиелеуді көздейді. Іс-шара соңында еріктілер аумақты ретке келтіріп, тазалық жұмыстарына да атсалысты. Әрбір азамат үшін еліміздің өркендеп-өсуі үшін ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – үлкен міндет пен жауапкершілік болып табылады.