«Қалам – киелі құндылық. Сөз құдіреті халықты ыдырата да, біріктіре де алады» деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақ әдебиетінің кенже қалып қоймай, көш ілгері дамып отыру керек екенін өз реформасында талай тілге тиек еткен еді.
Осы бағытта Шардара ауданында жастарды білім жолына бағыттап, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу тізгінін ұстату, кітапқа деген қызығушылығын арттыру, аудандағы қалам тартып жүрген ақындардың шығармашылығын халық арасында кеңінен насихаттап, елге таныту, өлең сүйер қауымға рухани серпіліс сыйлау мақсатында «Жыр дүлдүлі–Жұмекен» атты аудандық жазба ақындар жыр мүшәйрасы өтті.
Түркістан облысына қарасты Шардара аудандық мәдениет сарайында өткен тартысты жыр бәйгесі Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған. Ақындықтың жалауын жықпай, арда өнердің абыройын асқақтатқан адырна ауыз, орақ тілді ақындар Жұмекен Нәжімеденовтің өмірін өлеңмен өрнектеп, бар өнерлерін ортаға салды.
Жыр додасында ақын Қазыбек Иса атындағы аудандық ақын-жазушылар бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Лаханов Сәбит Қоспанұлы қазылар алқасының төрағасы болды. Сондай-ақ, төрешілер қатарында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Республикалық жыршы-термешілер байқауының жүлдегері Бегманов Сәкен Тұрғанбайұлы, жазба ақындардың республикалық байқауларының жүлдегері, ЮНЕСКО-ның «Ұлттық өнер жанашыры» сертификатының иегері Айдаров Әбдіғаппар Әбубәкірұлы да болды.
Жазба ақындар сайысында сөз тапқырлығы, өлең мағынасының тереңдігі, шумақ ұйқасының күрделілігі, тақырыптың ашылуы, әдеби теңеу, эпитет, метафора, көркем мәтіннің орындалу шеберлігі, дауыс мәнері және тіл тазалығы мен сахна мәдениетіне назар аударылды.
Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін сараптап, жүлделі орындарды бекітті. Таланттылар тартысында Шардара қаласынан Дауылбаев Қанат Мансұрұлы Бас жүлдені иеленді. І орын Сүткент ауылынан Сейданов Жанәділ Ниятоллаұлы, Ⅱ орын Бекжұма Матжанұлы, ⅠІІ орын Көксу ауылынан Әбдіуәлі Мейрамбек Қайратұлы, Шардара ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен Шардара қаласынан Бектөреев Ғайбулла, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы жүлдесімен Қоссейіт ауылынан Масақбаев Әли Жабайұлы, Әмірхан Балқыбек атындағы арнайы жүлдесімен Тұрсынбек Жәния, Құдайберген Өтеш атындағы арнайы жүлдесімен Тұрғанбек Естай Болатбекұлы, Оңалбай Еспанов атындағы арнайы жүлдесімен Ташимбетов Садир Тұрарбекұлы, Жақсылық Орынбасаров атындағы арнайы жүлдесімен Ұзын-ата ауылынан Бекбаева Тазагул Ерболқызы, Құрбанбек Шаметов атындағы арнайы жүлдесімен Қамбарұлы Махамбет, қатысқаны үшін арнайы жүлдесімен Ұзын-ата ауылынан Құлмырза Ақмарал арнайы жүлдесімен марапатталды. Қатысушыларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
Осылайша, төл өнерді дәріптеген ақындар көрнекті қаламгердің өмір жолын, асыл мұрасын өлеңмен өрнектеп Шардара жұртына рухани азық сыйлай алды десек артық емес.