Ұлттың болашағын қалыптастыратын ең маңызды құндылықтардың бірі – ұрпақ тәрбиесі. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ асыл міндетіміз. Өйткені өскелең жас буын-ның бойындағы рухани дағдарысты болдыр¬мау – бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі.
Ал тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Біліммен сусындап, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды.
Түркістан өңірінде дарынды жастарды қолдау, олардың танымдық қызығушылықтарын арттыру арқылы білім деңгейін көтеру, сонымен қатар интеллектуалды орта қалыптастыра отырып, шешендік өнер мен азаматтық белсенділікті, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында атқарылып жатқан шаруа аз емес.
Жуырда Шардара ауданында, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «AL-FARABI» облыстық интеллектуалды ойыны өтті.
Аталған зияткерлік сайыстың басты мақсаты – талантты жастарды анықтау, олардың танымдық қызығушылығын арттырып, білімге деген құштарлықты ояту және логикалық ойлау қабілетін дамыту, азаматтық көзқарастарын қалыптастыру, шешендік мәдениетті жетілдіру, рухани құндылықтарды дарыту болды.
Салтанатты ашылу рәсімінде Шардара ауданы әкімінің орынбасары Төребеков Бейсенбай Тасболатұлы, аудан прокуроры Алмас Әлі, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті, Шардара аудандық бөлімшесінің бастығы Айтқұлов Нұрсұлтан Мейржанұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Нұралыұлы жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған осындай жобалардың еліміздің жарқын болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Интеллектуалды ойынға облысымыздың әр өңірінен 14–34 жас аралығындағы, 5 адамнан құралған командалар қатысып, өз білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін сынға салды.
Қазылар алқасы тарапынан әділ бағалау нәтижесінде үздік деп танылған командалар келесі кезеңге жолдама алды.
Жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған осындай жобалар еліміздің жарқын болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны анық. Бұл интеллектуалды ойын жастарға өздерінің білім деңгейін арттыруға мүмкіндік беріп, жастардың арасында достық қарым-қатынастарды нығайтып, өңірдің білімді және дарынды жастарының қатарын арттыруда үлкен маңызға ие.