Шардарада батагөйлердің сайысы өтті

фото ШАӘБҚ

Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, үлгі-өнегесі мол ұлтымыз батаға да бай. Ұлттың мәдени байлығы, рухани қазынасы саналатын бата сөздерінің мән-мағынасы, қадір-қасиеті ерекше. Ата-бабалардың қасиетті өсиеті ғасырлар бойы жинақталып, ой елегінен өтіп, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. «Халықтың тілек-батасы жас ұрпақты әдепті, сабырлы, арлы болып өсуге баулиды. Отанын сүюге, елін, жерін қорғауға талпынтады» дейді үлкендеріміз.

Иә, өйткені, ақыл, нақыл сөздер тәрбиенің бастау бұлағы. «Баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас», «Батамен – ел, жаңбырмен жер көгереді» деген мақалдан, қазақтың батаның бағасын қалай бағамдағанын білуге болады. Ата-ананың ақ батасын алмаған ұрпақтың болашағы да бұлыңғыр болатынын айтып, жастарды үлкенді құрметтеуге, жақсылық жасауға баулыған. Батаны киелі, қасиетті санап қана қоймай, селкеусіз сене де білген. Кісілікке, имандылыққа, мейірімге, жақсы сөзге, ынтымаққа ұйытатындықтан батагөйлеріміз жастарға батаны барынша шын көңілмен, мазмұнды беруге тырысқан.

Бата беру дәстүрін насихаттау мақсатында Шардара ауданында жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырылып жүр. Ұлтымыздың ұлттық құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту және кейінгі ұрпаққа үлгі етуді көздеген шардаралықтар «Батаменен ел көгерер» атты аудандық батагөй қариялардың байқауын өткізді.

Түркістан облысына қарасты Шардара аудандық мәдениет сарайында өткен рухани дода ұлттық салт-дәстүрді насихаттай отырып, халық арасындағы беріліп жүрген баталарды жинақтау, сонымен бірге қазыналы қарияларымызға құрмет көрсету, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Шардара аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Шардара ауданының Құрметті азаматы, «Ауыл» партиясы ұйымдастырған «Батаменен ел көгерер» Республикалық байқауының Түркістан облысы бойынша жеңімпазы, «Қасиет» сауықтыру орталығы өткізген байқаудың жеңімпазы Ілесов Қыстау Інайұлы қазылар арқасының төрағасы болды.
Қазылар алқасының құрамы: аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Алтынбек Ізтілеу Шаншарұлы, Шардара ауданының Құрметті азаматы, ақсақалдар мүшесі Биту Жанайдар Әнуарұлы қатысушылардың өнерін сараптап төмендегіше жүлделі орындар бекітті.

Батаның жаманы жоқ. Дегенімен, мәнді, мағаналы, көркем әрі ұзақтығы сәйкес болған бата беруші ақсақалдарымыз алға шықты. Бас жүлдені Алатау батыр ауылынан Тілеков Нұрбаулы атамыз иеленді. I орынды – Егізқұм ауылынан Аскаров Шайахмад атамыз алса, II орынды – Қ.Тұрысбеков ауылынан Ақберді Базарқұл атамыз қанжығасына байлады. Ал III орынды – Көксу ауылынан Еримов Кадірхан атамыз және Қоссейіт ауылынан Суясинов Халнияз атамыз бөлісіп алды. Аудан әкімінің арнайы жүлдесімен — Шардара қаласынан Сламидинов Бердіхан атамыз, байқауымыздың ынталандыру сыйлықтарымен – Сүткент ауылынан Дауренбаев Рахматулла атамыз, Ұзын-ата ауылынан Есимов Ахмет атамыз иеленді. Аталарымызға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Қазақта ескірмеген салттың бірі — бата беру. Бабаларымыз ұрпағын бала кезінен үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені, батаның адам өміріне әсері зор. Сөз қасиеті мен қадірін жете түсінген қазақ — бата беруге, бата алуға аса мән берген.

Сондықтан аталмыш сайыстың мақсаты жастарды аталы сөзден ғибрат алуға, қазақ елін, оның салт-дәстүрін, тілін, және ділін құрметтеуге тәрбиелеу. Іс-шара өз мақсатын орындады десек те болады.